Tengrinews.kz мәліметінше, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті тергеу жүргізіп, тиісті шара қабылдау үшін Алматы облысы әкімінің аппаратына хат жолдады.
Алматы облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілінің 2021 жылғы 5 мамырдағы жауабына сәйкес, Панфилов ауданы әкімінің 2021 жылғы 28 сәуірдегі №70 өкімімен Б.Ш. Омаров бұзушылықтар үшін қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауапқа тартылғаны анықталды, — деп хабарлады Мемлекеттік Қызмет Істері Агенттігі баспасөз қызметіндегілер.
Бұған дейін Жаркент әкімінің жүргізушілермен кездесуі әлеуметтік желі қолданушыларын ашуландырған еді. Оқиға 22 сәуірде болған.
Кейін Болат Омаровтың 24.kz журналисіне берген сұхбаты жарияланды. «Әкімдер» бағдарламасының тілшісі Асхат Ниязов шенеунікке сағаты жақсы екенін айтады. Оған әкім ашуланып «Қайдан білесің жақсы екенін, қарап көр» деп шешіп береді. Журналист сағаттан Giorgio Armani деген жазуды оқиды. Омаров тілшіден жұмысқа қатысты сұрақ қоюын сұрайды.
Болат Омаров Жаркент әкімі болып 2020 жылдың наурызында тағайындалған.