Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Нұрлан Сауранбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның жұмысы мен жүзеге асырылып жатқан жобалар жайында мәлімет берді.
Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, 2021 жылдың бірінші тоқсанында жүк айналымының көлемі пандемияға қарамастан 53,4 миллиард тонна-шақырымды құраған, бұл өткен жылғы осы кезеңнің деңгейімен сәйкес келеді. Биылғы қаңтар-наурыз айларында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ желісінде 60 миллион тоннадан астам жүк тиелді. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2%-ке артық. Ел ішінде 40 миллион тоннадан астам жүк тасымалданды, аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3% өскен.
Бұдан бөлек басқарма төрағасы президентке жүргізілген келіссөздердің арқасында Алашаңқай – Достық және Қорғас – Алтынкөл шекаралық өткелдерінде ұзақ тұрып қалған жабық вагондар мәселесі шешімін тапқаны жайында айтты.
Сонымен бірге пандемияға байланысты жолаушылар саны 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,5% төмендеген.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы транзиттік әлеуетті, оның ішінде, Қытай – ЕуроОдақ – Қытай бағытындағы транзиттік контейнерлік тасымалды дамыту, вагондар мен локомотивтер паркін жаңарту, магистральдық теміржол желісін жаңғырту жөніндегі жобалар, сонымен бірге цифрлық трансформация және компанияның қаржылық орнықтылығы бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрлан Сауранбаевқа бірқатар нақты тапсырма берді.
Еске салайық, 8 сәуірде Нұрлан Сауранбаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы болып тағайындалды.