Мәсіні адамдар әдетте күн суықта сатып алады. Бұл киімді сататын кәсіпкерлер де қыста маусымды аяқтап, көктемде келесі маусымға дайындықты бастап кетеді екен. Себебі күзден бастап халық мәсі іздей бастайды.

2019-дың көктемінде қосымша өнім шығарайық деп, темірден орындықтар жасауды қолға алдық. Түрмеде жазасын өтеп жатқан адамдарды жұмысқа араластырдық. Енді орындықтарды шығарып, мың данасын сатып болып жатқанда коронавирус Қазақстанға келді де, елде бәрін жауып тастады. Мен ауылымда болдым. Орындық жасайтын құрылғылар түрмеде қалды. Сонымен орындық жасау біраз уақытқа тоқтады. Әліптің артын бақтық, — дейді кәсіпкер.

мәсі
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Орындық жасаушыларға ең төменгі жалақы көлеміндегі 42 500 теңге төленіпті. Ал блокпост алынып, қалалар ашылғанда тезірек мәсі тігіп, келесі маусымға дайындықты бастауға тура келген.

Мәсі көбіне күзде, қыста сатылатындықтан барынша осы кезеңге дайындалдық. Пандемияға байланысты азырақ өтуі мүмкін екеніне де дайын болдық. Бірақ коронавирус біздің кәсіпке жақсы әсер етті. Халық денсаулығына, аяғының жылы жүруіне мән бере бастады. Сәйкесінше мәсі 2019 жылдан да көп сатылды. Қазақ халқы, әсіресе үлкен қарияларымыз суықтың табаннан өтетінін, аурудың бәрі аяқтан болатынын жақсы біледі. Өзіміздің де мақсатымыз сол еді. Халқымыз аяғын жылы ұстап, ауырмай жүрсе дейміз, — дейді Ерсін.

"Ұлтан" өнімдері
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Өкінішке қарай, Қазақстандағы тері өңдейтін цехтер бірден материал шығарып беруге үлгермейді. Бұл саладағы біраз кәсіпкер өнімді Қытайға және тағы басқа елдерге жібереді.

Бізде сол теріні сатып алатындай сұраныс жоқ. Сондықтан былғарыны, жүнді шетелден алдырамыз. Олар кейде мәсіні тігіп те жібереді. Өзіміздің цехтегілер маусымға үлгермей жатса, түрік бауырларымыздың көмегіне жүгінеміз, — дейді кәсіпкер.

Қазақстанда Ерсін бірлесіп жұмыс істейтін бірнеше цех бар. Әрқайсындағы тігінші мәсіні өзі айтқандай етіп тігіп береді. Тек материалды шетелден алдырады демесеңіз, бәрі өзімізде дайындалып жатыр.

Шариғат бойынша, мәсінің 4 шарты бар. Мәсі 5 километр жүргенде де жыртылмауы, тесілмеуі керек. Биіктігі тауықтың бойынан жоғары болуы шарт. Мәсіх тартқан кезде ішіне су кіріп кетпеуі қажет. Ал төртінші шарт бойынша мәсіні түзу қойғанда ол құламай тұруы керек. Осы шарттарға водолаз материалы толығымен сай келеді. Сондықтан осы матадан мәсі тігіп жүрдік. Су өткізбейді, аяқты жылы ұстайды әрі кигенде шұлық сияқты жабысып тұрады, — дейді ол.

сұхбат
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бірақ уақыт өте келе тұтынушылар «Водолаздан тігілген мәсі аяқты терлетеді» деген пікір айта бастады. Кәсіпкер осыған орай адам аяғы неден, қашан терлейтінін зерттеп, соған сай мәсілерді де шығаруға көшкен. Аяқтың тобыққа дейінгі жері көп қозғалыста болады. Сондықтан сол жерге тері қойып, қалғанын водолазбен тігуге өткен.

Ерсіннің айтуынша, адамдар арасында мәсіге қатысты таптаурын түсінік те бар екен. Біразы мәсіні үлкен, ұзын, киюге ыңғайсыз, ішінде жүні бар, ыстық деп санайды.

Негізінде қазір аяқты терлетпейтін, сапалы, шұлық сияқты жұмсақ, ыңғайлы мәсілер жетеді. Сонымен қатар ол да маусымға қарай бөлінеді. Көктемде киетін жұқа мәсі бар. Қыста киетін мәсіге жүн салынады. Кейбірі былғары суық тартады деп ойлайды. Таза былғары суық тартпайды, керісінше температураны бірқалыпты ұстайды, — дейді кәсіпкер.

мәсі, ұлтарақ
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Ұлтан» мәсілері Қазақстанның барлық қаласына жеткізіледі. Аймақтағы курьерлер мәсіні үйге апарып, клиенттің аяғына кигізіп, шақ екеніне көз жеткізіп барып кетеді. Шақ болмай жатса, дәл сол уақытта басқасын алуға мүмкіндік бар.

Басқа ұйымдар өзге қалаларға поштамен жіберіп жатады. Тауар шақ болмаса, клиент оны қайтара алмайды. Ал біздің аймақтарда жеке курьерлеріміз бар. Олар үйіңізге бірнеше нұсқасын апарып, кигізіп көрсетіп, қызмет етеді, — дейді Ерсін.

мәсі
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Мәсіні көбіне намаз оқитын жамағат сатып алады екен. Сонымен қатар отбасын құрған азаматтар да бұл аяқкиімге үйренген. Көне көз қариялар да тұрақты клиенттің бірі.

Мәсіні көбіне орта таптағы халық сатып алады. Өнімімізге соған кеткен шығынды есептей отырып баға қоямыз ғой. Бірақ халықтың да жағдайын ескеру керек. Орта таптағы адам қымбат мәсі сатып ала бермейді. Сондықтан бағасы қолжетімді: 3000 теңгеден басталады, — дейді «Ұлтанның» негізін қалаушы.

«Ultankz» онлайн дүкені жақында сатылымға жайнамаз шығарды. Өзге жайнамаздан ерекшелігі – арнайы синтетикадан жасалады, қарда да, тас жолда да суық өткізбейді. Жолға шыққанда, көлікте және тағы басқа жерде өзіңмен алып жүруге болады. Сыртында арнайы қабы бар. Оған қалаған сөзіңізді, есіміңізді жазып береді.

жайнамаз
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Негізгі тұтынушыларымыз мұсылман қауым болған соң оларға жайнамаз жақсы өтіп жатыр. Намаз оқитындар кәдімгі жайнамаз жылы болмайтынын біледі. Сондықтан біразы «Көлігімде жүрсін, жолда қолданамын» деп жаңа өнімімізді алып жатыр. Оның үстіне Отан қорғаушылар күніне орай жеңілдігіміз де бар, — дейді Ерсін.

Ерсін Әлинұр мәсі ғана емес, аяқкиім тігіп, сатуды ойлап жүр. Бірақ ол өз өнімінің кәдімгі аяқкиім сияқты резеңкеден жасалғанын қаламайды. Әзірше ізденісте жүргенін айтты.

жайнамаздың сырты
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қазір бізде мәсінің түр-түрі жасалады. Ешқайсысы клиентке ұнамағанның өзінде арнайы тапсырыспен тігіп береміз. Кез келген мезгілге ұлтарақтар да бар. Жайнамаз шығып жатыр. Аяқкиім шығару ойда бар. Қазірдің өзінде қадам-қадаммен келе жатырмыз. Бірақ аяқкиімнің табанын жай резеңкеден жасай салғымыз келмеді. Себебі одан суық өтеді, зиян. Табанына салатын материалды ойластырып жатырмыз. Негізінен өз аудиториямызға, яғни намаз оқитын кісілерге арналған өнім шығарғымыз келеді, — дейді кәсіпкер.

Ерсін Әлинұр осы кәсібін алғашында шамамен 50 мың теңгемен бастағанын айтты. Жалпы мәсі өндірумен айналыспай тұрып бірнеше істің басын шалып көрген екен.

Кейбірі мектеп бітіріп, «Грант болса, болды» деп оқуға түседі. Сосын өз мамандығын ұнатпай, неге оқып жүргенін білмей, сандалып кетеді. Мен де грант деп оқуға түсіп алған студенттердің бірі едім. Оқуды аяқтағанда зауытта аз ақшаға жұмыс істегім келмеді. Тіпті Ресей университетіне магистратураға грантқа түстім. Бірақ жарты жылға жетпей, оқуды тастап, Алматыға қайтып келдім. Өз қалауымды жасағым келді, — дейді ол.

 

Ерсін 4-курс оқып жүргенде ауылдағы қарындасына ҰБТ-ға дайындалатын кітапшалар қажет болыпты. Соны Алматыдан алдырып ауылға салып жүргенде мұндай кітапшаны сұрайтындар көбейеді. Кәсіпкердің болашақта немен айналысатыны осы бір кітапшадан басталыпты.

Алдын-ала ақшасын алып, сол қаражатқа кітаптарды сатып алып, ауылға жіберіп жүрдім. Кейіннен досыммен түрлі қазақи бұйым сататын дүкен аштық. Алғашында термо мәсі тіктік. Алматыда автожуу ашып, оны да көрдік. Кейін темір орындықтар дайындадық. Айтайын дегенім, бірнәрсені шын қалап, айналысқың келсе, қорықпау керек. Екіншіден, ешкімді тыңдамай, жасап көре беру керек екен. Ресейдегі оқуымды тастап, осында келгенде маған да түрлі пікір айтылды. Бірақ ол менің қалағаным емес еді. Бірнәрсені бастап, соның жетегінде өзіме жұмыс істегім келді, — дейді Ерсін Әлинұр.

Кәсіпкердің сөзінше, бірнәрсені шын қалаған адам елдің сөзіне қарамайды, қорқынышын жеңе біледі. Бірақ бизнесті бастау керек екен деп, бас сала кірісіп кету де жөн емес деп есептейді.

Әр істің тәуекел ететін де, етпейтін де тұсы бар. Әлдебір дүниені қолға аларда жалқауланбай, сол саланы, нарықты зерттеу керек. Кейбірі кәсіппен айналысамын дейді де, ештеңеге қарамай, кірісіп кетеді. «Смартфонның чехолын сатамын» дейді де, үйіп-төгіп тауар алдырады. Сосын оны өткізе алмай қалатын жағдайлар болады. Сондықтан бизнесте үнемі іздену керек, — дейді ол.

Ерсін Әлинұр
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ерсіннің айтуынша, кәсіпте орта маңызды. Достарың да кәсіпкер болса, білмегеніңді айтып жібереді.

Достарым, араласатын ортам бизнестен алыс емес. Әрқайсының түрлі жерден үйренгені, білгені бар. «Сондықтан кәсіпті қалай бастаймын, әрі қарай не істеймін?» деп қиналмадым. Білмесем, сұрайтынмын. Кәсіп бастаймын деген адамға орта керек. Жалғыз өзің біраз уақытқа келгенде орта немесе ұстаз қажет болып, тоқтап қалуың мүмкін, — дейді бизнесмен.

Дегенмен кәсіпте бәрін өз мойныңа ала бермей, мамандарға жүгінген тиімді. Бұл ойды Ерсіннің өзі растап отыр. Ол компанияның кіріс-шығыс жағын, бухгалтериясын аутсорсинг компанияға берген дұрыс деп санайды.

Бәріне үлгеру мүмкін емес. Қарапайым мәсінің өзін бірнеше цехте тіктіреміз. Кәсіпкер бәрін өзі жасаса, көп ұзамай шаршайды. Шаршағаны өндіріске әсер етпей қоймайды. Өзінің де іс істеуге ынтасы қалмайды. Керек кезде әр  тапсырманы өз маманына беру керек, — дейді Ерсін Әлинұр.