Әлемге әйгілі қандай аяқдопшылармен бір командада ойнағың келеді деген сұраққа: «Мен онсыз да танымал футболшылармен ойнап жүрмін. Анатолий Тимощук, Андрей Аршавин бір кездері Еуропа аренасында атой салған жігіттердің бірі болатын. Қазір бізбен бірге. Бұған дейін ұсақ командаларда ойнағанмын. Бүгінде жағдайым әлдеқайда керемет», – деді ивуар ойыншысы.
«Келісімшартымның аяқталуына тура бір жыл қалды. Оны ары қарай ұзартуым үлкен басшымызға байланысты. Таңдау еркі өзімде болса, Алматыда қуана-қуана қалар едім. Біз үлкен отбасы сияқтымыз. Ағайындылардың арасында қандай байланыс болса, біз де дәл солай араласамыз», – деді Жерар Гоу.
Футболшылардың есінде қалар бір голы болады. Мысалы, Аргентинаның әйгілі шабуылшысы Лионель Месси кезекті Еуропаның үздік ойыншысына берілетін сыйлықты алар тұста Чемпиондар лигасының 2009 жылғы финалында «Манчестер Юнайтедке» соққан добын атаған болатын. Ал Гоудың қай голы есінде қалыпты?
«Қай голымның маңызы жоғары екенін ойланбаппын. Меніңше, бәрінің орны ерекше. Себебі, алаңға шыққандағы басты жұмысым – қарсы қақпаға доп соғу. Ылғи да өзіме өзім «сен тек қана гол салу керексің» деп жүремін. Бір матчта покер (4 гол) жасасам да маған аздық етіп тұрады», – деді ол.
Әр адамның мінезі әрқилы. Ивуариялық спортшы әріптестері жөнінде пікірін білдірді:
«Ұжымымыз қалжыңды жақсы көреді. Әсіресе, Анатолий Тимощук пен Қуат Исламбек өте көңілді жүреді. Әзілім жарасқан достарымның бірі осы екі жігіт. Қуат ылғи да күреспек болып, маған қарай ұмтылады. Бірақ онысынан түк шықпайды. Ал Тимощуктың жасының үлкендігіне бола «Ей, ата» деп қағытамыз», – деді Гоу.
27 жастағы футболшының бір ерекшелігі көңіл көтеріп, сауық-сайран құрғанды ұнатпайды екен. «Мен қыдырғанды аса қатты ұнатпаймын. Матчтан кейін немесе жаттығулар аяқталған соң өз үйімде болғанды ұнатамын. Достарым шақырғанда болмаса мені іздеген жан үйімнен ғана таба алады», – деді ол.
Футболға жаны құмар адамның танымал аяқдопшыларға еліктейтіні о бастан белгілі. Олардың қатарында кәсіби футболшылар да жоқ емес. Ал Жерардың пір тұтар ойыншысы кім екен?
«Ол қазір футболдағы мансабын аяқтаған. Бұл спортқа алғаш қадам басқанда бразилиялық Рональдоның ойынын сүйіп көретінмін. Кейінірек отандасым, «Челсидің» аңызына айналған Дидье Дрогбаға да қызығатын болдым», – деді ол.
Қазақстанға келгенге дейін Жерар Гоу Түркияның 1 лигасында да өнер көрсеткен. Сұхбат барысында ол екі чемпионатты салыстырып, өз бағасын берді.
«Меніңше, Түркия біріншілігі мықтырақ. Чемпиондық атақ үшін бірнеше команда жан алып, жан беруге дайын тұрады. Ал Қазақстанда 2-3 клуб белсенділік танытса, қалғандары лайықты ойын көрсете алмайды. Нақтырақ айтқанда, соңғы жылдары тек «Қайрат» пен «Астананы» ғана көріп жүрміз. Міне, қос елдің футболындағы айырмашылық осыда. Бірақ осы қарқынымен жалғастырар болса, Қазақстан чемпионаты дамитынына сенімім мол», – дейді футболшы.
Сұхбат барысында Жерер Гоу алғаш рет маңдай терімен тапқан ақшасы туралы, оны қайда жұмсағаны туралы да айтты.
«Тепе-тең бөліп, әке-шешеме бердім (күлімсіреп отырып, есіне алды). Ол кездегі сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ата-анама кішкене де болсын септігімді тигізгініме қуандым», – дейді «Қайрат» ойыншысы.
Кәсіби футболға қадам басқан спортшы мансабы аяқталғанға дейін алаңның бір бөлігінде ғана өнер көрсетпейтіні белгілі. Мәселен, Испанияның «Барселона» сапында орталық қорғаушы болып жүрген Жерар Пике бір кездері орталық шабуылшы болыпты. Ал «Реалдың» қазіргі жұлдыздарының бірі Гарет Бэйл «Тотенхэмде» жүргенінде сол қапталдың қорғаушысы болған. Жерар Гоу да өз позициясын бірнеше рет ауыстырыпты:
«Бала күнімде орталық қорғаушы ретінде бастадым. Содан кейін сол қапталға ауыстым. Көп ұзамай орталық жартылай қорғаушы болдым. Бір күні жаттықтырушым келіп, «Сенің дене тұрқың ірі, күшің де көп. Алға шық та барып, гол соқ. Қандай нәтиже көрсететінің маңызды емес. Айтқанымды орында. Енді менің шабуылшым боласың» деді. Міне, осыдан кейін форвард ретінде өзімді жақсы қырымнан көрсете бастадым», – деді Гоу.
Футболшылар арасында қызық бір жайт бар. Өз командасы қандай да бір жетістікке жетсе, соның құрметіне деп шашын басқа түске бояп алады, тіпті тақырлап алып тастайды немесе денесіне тату сурет салып алады.
«Мен мұсылман адаммын. Сеніміме байланысты тәніме сурет сала алмаймын. Егер Қазақстан біріншілігінде чемпион болсақ немесе Еуропа лигасы мен Чемпиондар лигасының біреуінің топтық кезеңіне жолдама алсақ франциялық Поль Погба секілді шаш үлгіме өзгеріс енгіземін бе деп ойлап отырмын», – деді.
Жерар Гоудың талантына шүбә келтіруге болмас. Ел біріншілігінің соңғы екі маусымында 22 голдан соғып, бомбардир атанды. Жанкүйерлердің бірі Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсеткісі келеді ме деген сұраққа: «Шынымды айтсам, білмеймін. Егер мұнда тағы бір жылға қалсам, азаматтық алуға мүмкіндігім болады. Ал егер шақырту түсіп жатса, бас тартпайтыным анық. Қайта мұндай мүмкіндіктің болғанына қуанар едім. Ал өз елімнің құрамасына келер болсам, ол жаққа жолдама алу қиынның қиыны. Маған қарағанда тәжірибесі көп футболшылар жетерлік», – деді «Қайрат» шабуылшысы.
Гоу «Қайрат» сапында жүріп, ұмытылмастай болып қалған матчы есіне түсіріп, сұхбатын қорытындылады.
«Өткен жылы Алматыдағы «Бордоға» қарсы кездесуді ешқашан ұмытпаспын. Бізге кішкене ғана сәттілік жетіспеді. Аздап жинақылық танытқанымызда өз тарихымызда алғаш рет Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алар едік», – деп аяқтады сөзін.