Қаулыда «қызыл» аймақтағы әлеуметтік-экономикалық нысандардың 80%-і қашықтан істеу режиміне, 20%-і күндізгі режимге ауыстырылуға тиіс. «Сары» аймақта 50%-і қашықтан, ал 50%-і офлайнға ауысуына болады. «Жасыл» аймақта 30%-і үйге, 70%-і кеңсеге ауысатыны айтылады.
Ескертпеде ұйымдар, кеңселер қызметкерлерге COVID-19-ға қарсы вакцинация жүргізген жағдайда қашықтан және тікелей жұмыс орнына бару форматтарында жұмыс істейтін қызметкерлердің пайыздық арақатынасы жөніндегі талаптарды ескерместен қызметін жүзеге асыратыны түсіндіріледі.
Кейінгі 6 ай ішінде COVID-19-ға қарсы вакцинацияның толық курсын алған және COVID-19-бен ауырып, жазылған барлық қызметкердің күндізгі режимде жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі. Осылайша, вакцинацияның толық курсын алған азаматтар тұратын жері қай аймақта екеніне қарамастан офлайн жұмысқа ауысады.
Әрбір жұмыс беруші оның кәсіпорны толығымен жұмыс істеуі үшін өз ұжымын вакцинациялауға қызығушылық танытады. Шынында да вакцина салғызбаған қызметкерлер қашықтан жұмыс істеуге кетеді. Біз осы инфекцияны жеңіп, қалыпты өмірге оралғымыз келсе, онда әркім уақытылы егілуі керек, — деді Әсел Қалықова.
Әсел Қалықова жұмыс берушілер ұжымына екпе салдырудың өте маңызды екенін түсіндіруге тиіс екенін де айтты.