«Сергек» камерасы арқылы алматылықтарға 7 миллиард теңге айыппұл салынды

Ернұр Әбжаханның айтуынша, бүгінде қалада 2 284 «Сергек» бейне-бақылау камерасы жұмыс істеп тұр.

2020 жылдың қортындысы бойынша, жолдағы өлім-жітім 48%, жол-көлік оқиғалары 29%, жарақат алған адамдармен болған жол-көлік оқиғалары 30% төмендеді. 16 айда қала бюджетіне 7 миллиард теңге түсті, — деді ол.

Мобильділік басқармасының басшысы сонымен бірге «Сергек» жүйесі жол ережелерін бұзушыларды анықтауға мүмкіндік бергенін айтты.

Мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін 25 бұзушы, жалған мемлекеттік тіркеу белгілері бар 9 бұзушы, жол ережесін тұрақты бұзушылар анықталды. Жалпы, 144,6 миллион теңге сомасына 11 мыңға жуық ұйғарым шығарылды, — деді Ернұр Әбжахан.

Сонымен бірге ол әділет және мемлекеттік кірістер департаментімен бірге салық берешегі бар және 1,2 миллиард теңгеге алимент төлеуден жалтаратын тұлғалар анықталғанын айтты. Мұндай борышкерлердің 23 көлігі қарызды төлеуге дейін мамандандырылған айыппұл тұрақтарына орналастырылған.