Бұдан былай Алматыдағы Наурызбай, Алатау, Түрксіб және Жетісу ауданы тұрғындары кәсіп жүргізу үшін жылына 5% мөлшермен несие ала алады.

Алматыда бизнестің басым бөлігі сауда және қызмет көрсету саласында. Осыған байланысты Алматы әкімдігі мен «Даму» қоры сауда, сұлулық салоны, монша, хостелдер және басқа да салаларда жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қолдамақ. Біздің талдауымызға сәйкес шағын және орта бизнес субъектілері қала аудандарында бірдей шоғырланбаған. Кәсіп нысандары Бостандық, Алмалы, Медеу аудандарында көп, үлесі 50%-тен асады. Әкімдік «Даму» қорымен келісіп, белсенділігі төмен аудандардың тұрғындары үшін пайыздық мөлшерлемені 7%-тен 5%-ке дейін төмендетті, — деп хабарлады Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов.

Өңірлік бағдарлама аясында 2021 жылы тепе-тең негізде 11,2 миллиард теңге қарастырылған. Бүгінде жалпы несие сомасы 1 346,4 миллион теңгені құрайтын 21 жобаға қолдау көрсетілді.

Almaty business бағдарламасына кімдер қатыса алады?

Бағдарламаға Алматыда тіркелген және қызметін жүзеге асырып отырған шағын және орта кәсіп субъектілері қатыса алады. Қарыз алушыға берілетін несиенің ең жоғарғы сомасы — 180 миллион теңге. Сыйақының номинал мөлшерлемесі – белсенділігі төмен аудандар үшін 5%, белсенді аудандар үшін 7%.

Бағдарламаға мына салада кәсібі бар адам қатыса алады:

  • Азық-түлік саудасы
  • Азық-түлік емес сауда
  • Тамақтану орындары
  • Қызмет көрсету саласы
  • Жиһаз өндіру
  • Тағам өндіру (кондитерлік)
  • Тігін өнімдері

Бағдарламаға қатысу үшін не істеу керек?

Бағдарламаға қатысу үшін Edu.almatybusiness.gov.kz сайтына кіріп, өтініш беру керек. Өтініш қабылданғанда электрон поштаңызға хат келеді. Содан кейін координатордың хабарласуын күтесіз. Сонымен қатар Telegram-чатқа қосыласыз. Almaty business бағдарламасы арқылы кәсібіңізді қай бағытта жақсартатыныңызды анықтап, тәжірибелі жетекшілермен жұмыс істеуге кірісесіз.

Бағдарлама қандай мүмкіндіктер ұсынады?

  • Кәсібіңізді тәжірибелі мамандармен кеңесе отырып, дамытуға;
  • Пандемия салдарынан болған жағдайды тоқтатуға, шешуге;
  • Қаражатыңыз бен ресурсыңызды қадағалауды үйренуге;
  • Бизнесті кәсіби түрде жүргізу үшін жаңа қабілетіңізді ашуға;
  • Аз пайыздық мөлшерлемемен несие алуға;
  • Ресми сайтқа кіріп, онлайн сабақтарды тыңдауға мүмкіндік бар.