Ішкі көші-қонға не әсер етеді?

Ел ішіндегі көші-қонға мынадай факторлар себеп болады:

  • Республика аймақтарының біркелкі дамымауы. Түрлі өңірде табыс мен прогресс мүмкіндігінің әртүрлі болуы.
  • Әлеуметтік-экономикалық жағдай. Ауылды аймақта перспективаның аз болуына байланысты және айлық жалақының жоғары болмауы себепті ондағы халық мегаполистерге, қалаларға көшіп жатыр.
  • Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент сияқты ішкі мигранттар ең көп баратын ірі қалалардағы әлеуметтік және экономикалық саланың дамуы. Кәсіпті ауылға қарағанда қалада бастау әлдеқайда ыңғайлы және жылдамырақ.

Дегенмен халық ауылдан қалаға ғана көшіп жатыр деуге болмайды. Қоғам қайраткері Бақытжан Көпбаевтің айтуынша, жыл сайын Шымкенттен орта есеппен 50 жас көшіп кетеді. Ауылдан көшіп келгендерге наразы болудың заманы өтіп кетті. Өйткені кезінде ауылдан қалаға жаппай  көшіп барғандар қазір елдегі ірі қалалар халқының көп бөлігін алып отыр. Бақытжан Көпбаев ауылдан қалаға немесе қаладан басқа қалаға көшетін жастарды үш топқа бөледі:

  • үлкен қаладағы өмірге бейімделіп кеткендер;
  • қылмыс жолына түсіп кеткендер;
  • қала өмірінің қарқынын көтере алмай, кері қайтқандар.

Қазақстанда 2020 жылы ішкі миграция мен урбанизация деңгейі төмендеді

Пандемия Қазақстандағы көші-қон процесіне әсер етті деуге болады. Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігі Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, 2020 жылы бір облыстан екіншісіне қоныс аударатын қазақстандықтардың саны 20% төмендеді. Ал өз облысы ішінде мекенжай ауыстыратын ауыл және қала тұрғындары саны 26% азайды.

Былтыр 343 мың адам бір облыстан екінші аймаққа көшкен. 2019 жылы бұл көрсеткіш жоғары еді — 431 мың азамат. Ішкі мигранттардың 86%-і — қазақтар.

Жоғарыда айтқанымыздай, басқа аймақтардан көшкендердің жартысынан көбі (52%-і) Алматыға (72,7 мың), Нұр-Сұлтанға (66,5 мың), Шымкентке (39,4 мың) тұрақты тұруға барады. Осы мегаполистердің әрқайсына қоныс аударушылар саны 2020 жылы 12-22% төмендеген. Халықтың, әсіресе, астанаға қоныс аударуы азайған (22%).

Басқа облыстарда көші-қон сальдосы теріс, яғни сол аймаққа көшіп келгендерден ол жерден кететіндер көп. Көптеген облыста миграция тенденциясы ұқсас. Кеткендердің жартысы мегаполистерге, Ақмола және Алматы облыстарына қоныс аударады, қалғаны өзі тұрған мекенге көршілес облыстарға кетеді. Ішкі қоныс аударушылардың көбі — оңтүстік тұрғындары. 2020 жылы Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарынан, Шымкенттен 167 мың азамат көшіп кетті (бұл елдегі жалпы қоныс аударушылардың 49%-іне тең).

Қазақстандағы облыс ішіндегі, яғни аймақтық көші-қонның ауқымы үлкенірек. Былтыр 501,6 мың адам өз аймағында қоныс аударған. Бұл көрсеткіш 2019 жылға қарағанда 178 мың азаматқа немесе 26% аз. Халық бір облыс ішінде көшіп жүрсе де сол аймақтағы қалаға қоныс аударады, яғни аймақтық көші-қон урбанизациялық сипатқа ие.

Әсіресе, 2020 жылдың қаңтары мен қарашасы арасында Түркістан облысынан көшіп кеткендер көп. Олардың саны — 14,8 мың адам. Бірақ табиғи өсім көрсеткіші 38,6 мың адам болып, облыстағы халық саны осы көрсеткіш бойынша көбейді. Қазір Түркістан облысында 2,028 миллион азамат тұрып жатыр.

Ел ішіндегі миграция есебінен үш мегаполистегі тұрғындар саны өсті

Дереккөз: Ұлттық статистика бюросы

Былтыр қаңтардан қарашаға дейінгі Қазақстан халқы саны 201,4 мың адамға көбейіп, 18,8 миллион тұрғын болды. Алматы тұрғындарының саны 49,98 мың адамға өсті (жалпы қала халқы саны 1,97 миллион болды). Нұр-Сұлтанда тұрғындар саны 39,96 мың адамға көбейіп, 1,18 миллионға, Шымкент халқы 27,8 мыңға көбейіп, 1,06 миллионға жетті.

Мегаполистердегі халықтың өсуіне табиғи өсім мен көші-қон әсер етті. Алматы халқы саны 32,7 мың адам көшіп келгендер есебінен, 17,2 мыңы табиғи өсім есебінен көбейген. Нұр-Сұлтанға 20,4 мың адам көшіп барған, табиғи өсім — 19,5 мың адам. Шымкентке басқа аймақтардан 8 мың адам қоныс аударды, табиғи өсім — 19,8 мың адам.