Астанада Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 1 миллион теңгеден беріледі

Бұл туралы астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Нұр-Сұлтанда 9 мамыр мерекесіне орай Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 1 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек беріледі, — делінген хабарламада.

Сонымен бірге басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, яғни Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде ТМД шекарасын қорғауға қатысқан әскери қызметшілерге, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне, Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, бұрынғы КСРО-дағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының өкілдеріне, жалпы 708 адамға 20 АЕК (58 340 теңге) көлемінде төлем жасалады.

Сол сияқты жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендерге, нақтырақ айтқанда ҰОС кезінде қызмет еткен әскери қызметкерлерге, фашистік Германияға қарсы соғыс қимылдарына қатысқан адамдарға, Ленинградтағы блокада кезінде жұмыс істеген азаматтарға, концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға, әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедек болған адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуынан зиян шеккен балалары сияқты азаматтарға 35 АЕК (102 095 теңге) көлемінде (415 адам) төлем жасалады.

Бұдан бөлек, еңбек ардагерлері, «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес басқа да адамдарға, яғни Социалистік Еңбек Ерлері, үш дәрежелі Даңқ, үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлеріне, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған адамдарға, 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО-ның ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға, тыл ардагерлеріне, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, Ұлы Отан соғысында қайтыс болғандардың әйеліне 11 АЕК (32 087 теңге) көлемінде (2 695 адам) төлем жасалады.

Нұр-Сұлтан әкімдігінің хабарлауынша, барлығы 3 843 адамға 195 159 583 теңге төлеу жоспарланып отыр.