Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, құзырлы орган Рахат Әлиевтің өлімі жарияланған 2015 жылдың 25 ақпанынан бері қылмыстық істі тоқтатуға қажетті тиісті құжаттарды сұратқан. Австрияның тиісті органдарына халықаралық тергеу бұйрығы жөнелтіліп, бизнесменнің өлімі туралы куәлік, сот-медициналық сараптамалардың қорытындысы, хаттамалар және өлікті анықтайтын құжаттар сұратылған.
«Бас прокуратура осы сауалдарына жауап ретінде 2015 жылдың 20 сәуірінде тек қана Рахат Әлиевтің өлімі туралы куәліктің көшірмесін ала алды. 2016 жылдың 13 ақпанында Бас прокуратура Австрияға тағы да сауал жолдады. Австрия билігі екінші мәрте жөнелтілген сұрауға 2016 жылдың 30 маусымында жауап бере отырып, куәліктен басқа құжат бере алмайтындарын айтты. Себебі, Рахат Әлиевтің жесірі Э.Шоразова 2015 жылдың 18 маусымында Венаның жер сотына Рахат Әлиевтің өліміне қатысты құжаттарды Қазақстан тарапына бермеу туралы қарсылық жіберіп қойған», — деп хабарлады Бас прокуратура.
Алайда, Вена соты Эльнара Шоразованың өтінішін қабылдамады. 2016 жылдың 21 қарашасында Қазақстанның Бас прокуратурасы дипломатиялық каналдардың көмегімен Рахат Әлиевтің өлімі туралы апостильді куәліктің, 2015 жылдың 9 наурызында Швейцарияның Санкт-Галлен қаласындағы Сот медицина институты жүргізген сот-медициналық сараптамалардың көшірмесін алған.
«Осы құжаттар Рахат Әлиевтің өліміне байланысты, оған қатысты қозғалған қылмыстық істі тоқтату үшін тергеу органдарына жөнелтілді»,- деп хабарлады Бас прокуратура.