Батыс Қазақстан облысында ат спортына баулитын бөлім ашылды

Ашылу салтанатына сонымен бірге Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров, «Qazaq kuresi» ассоциациясының басқарушы директоры Ербол Мырзабосынов, «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы, Қазақ спорт және туризм академиясының құрметті профессоры Мұсағали Тасқалиевтер қатысты.

Бүгін маңызды, тарихи күн десек те болады. Жарты жыл бұрын ойға алған жоспарымыз орындалып отыр. Қазақта «Ер қанаты – ат» деген сөз бар. Біздің дәстүрімізде де, тарихымызда да жылқының орны ерекше. Бүгінгі ашылған бөлім, біріншіден, оқушыларымызды, жасөспірімдерімізді қасиетті жануар – атқа жақындатудың алғашқы қадамы. Екіншіден өңірімізде ат спортын жоғары деңгейде дамытуға жол ашады. Болашақта ұлттық спорт түрлерінен жұлдыздарымыз жарқырап шығады деген сенімдеміз, – деді БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Бөлімді ашқан жеке кәсіпкер Ақылбек Ишанов «Бортау» ауданынан жер алып, инфрақұрылым жасақтаған. Оған мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген. Мұнда жастар енді «Аударыспақ», «Көкпар», «Теңге ілу», «Жамбы ату» сынды ұлттық ойындарды үйренеді. Олармен әр спорт түрі бойынша жаттықтырушылар жұмыс істеп жатыр. Жасөспірімдер арасында ат спортына қызығушылық өте жоғары. Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай дамыта бермек.

Бөлімде ұлттық спорттың 4 түрінен жаттығу жүргізілетін болады. Спорттық база барлық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Үйірмеге 7-9 жастан асқан ұл-қыздар қабылданады. Қазір облыстық турнирге Орал қаласының құрама командасын әзірлеп жатырмыз, – деді Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Шерғалиев.

Сол күні Оралда қазақ күресі мен жекпе-жек орталығы ашылғанын да айта кетуіміз керек. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру, ұлттық спортты дамыту, жасөспірімдерді қазақ күресіне баулу мақсатында ашылған спорт залының жалпы ауданы 300 шаршы метрді құрайды. Орталықта жаттығу залы, қыздар мен ұлдарға арналған киіну орны, жуынатын бөлмелер бар. Мұнда күн сайын 3 топта жалпы саны 120 жасөспірім жаттыға алады. Жаттығулар тегін әрі сабақтан тыс уақытта өтеді.