Оралда «Алтын доп» ұлттық мектеп лигасы жарысы басталды

Жарыстың ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Бақтыжан Нарымбетов сөз сөйлеп, спорттық үлкен шараның маңызына тоқталып, қатысушыларды құттықтады.

Қымбатты жас спортшылар! Бүгін Ақ Жайық атырабында басталғалы тұрған баскетболдан «Алтын доп» ұлттық мектеп лигасы жарысына баршаңыз қош келдіңіздер. Осы сапта тұрған командалар өз қатарластарынан озық шыққан мектептердің шәкірттерінен құралған. Сіздер тек мектептеріңіздің ғана емес, өз облыс, қала, аудан-ауылдарыңыздың үкілі үміттерін арқалап келіп отырсыздар. Республикалық деңгейдегі мұндай мәртебелі турнирді қабылдау біздің өңіріміз үшін де үлкен мәртебе. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында бәсекеге қабілетті ұлт болуымыз үшін білімділік, сананың ашықтығымен қатар, тәінімз, физикалық дайындығымыз да мықты болуы керектігін қадап айтты. Кезіндегі батыр бабаларымыз бен батыр аналарымыздың жалғасы іспеттес  сіздер де Қазақстанның көк байрағын биікте желбіретеді деген сенімдеміз. Барлығыңызға сәттілік, сайыста мықтылар жеңіске жетсін!, — деді Бақытжан Хаберұлы.    

Айту кетейік, еліміздің әр түкпірінен келген 9 команда (9-11 сынып оқушылары) мамырдың 2-сіне дейін нағыз мықтыларды анықтамақ. Жалпы, ұлттық мектеп лигасы жарыстары 2014 жылдан бері жыл сайын өткізілуде. Жарысты ұйымдастырушылар қатарында Білім және ғылым министрлігіне қарасты Республикалық ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығы, БҚО дене шынықтыру және спорт, білім басқармалары бар.

Т.ҒАБДІРЕШҰЛЫ