Атырау облысына QazVac вакцинасының алғашқы 2 мың дозасы жеткізілді

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, екі компоненттен тұратын QazVac вакцинасының алғашқы 2000 дозасы 25 сәуірде Атырауға жеткізілді. Бүгінде вакциналар екі егу пунктіне — Атырау қаласының 4 және 7 емханаларына бөлініп таратылды.

Қазақстандық QazCovid — in (QazVac) вакцинасы – бұл екі дозалы вакцина. Бір құты бір адамға есептелген. Сонымен қатар, отандық вакцина мұздатуды қажет етпейді, плюс 2 — ден 8 градусқа дейінгі температурада сақталады, — деп түсіндірді Асхан Байдуәлиев.

Айта кетейік, қазақстандық вакцинаның алғашқы партиясы биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты базасында 50 мың дозасы шығарылды. Қазірдің өзінде Қазақстанның барлық өңірлеріне таратылуда. Бүгін QazVac вакцинасын бірінші болып ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алды.