Аида Балаева: «Киелі табиғат» жобасы жастардың экология бойынша сауатын көтеруді көздейді

Нұр-Сұлтандағы Ботаника бағында барлық санитария-эпидемиология нормаларының қатаң сақталуымен акцияның басталу рәсімі өтті. Оған «Жас Ұлан», «Жасыл ел» жастар ұйымдарының көшбасшылары, сонымен бірге астананың білім беру мекемелерінің жас белсенділері қатысты.

Аида Балаева қазақ халқының тазалыққа қалай мән бергені туралы айтты.

Халқымыз үшін тазалық — киелі ұғым. Табиғатты аялау мен құрметтеу – халқымыздың қанында бар қасиет. Ата-бабаларымыз жас ұрпақты да «Бұлақтың көзін аш», «Көк шыбықты сындырма», «Өзенді ластама» деп өсірген. Алдыңғы буын үлкендеріміз бізді үнемі осылай тазалыққа тәрбиеледі. Енді осы жақсы дәстүр сабақтастығын үзіп алмай, біз де әрі қарай жалғауымыз қажет, — деді министр.

Фото: Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі

Ведомство басшысының сөзінше, азаматтар табиғатқа деген қамқорлықты «Киелі табиғат» сияқты экология акцияларында көрсетуіне болады.

Экологиялық ағарту жұмыстарына «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары республикалық штабының 30 мыңнан астам мүшелері тартылады. Бүгінгі акция арқылы Қазақстан жастарын  табиғатты аялауға, оны таза ұстауға үндеймін, — деді Аида Балаева.

Айта кетейік, 25 сәуір мен 25 мамыр аралығында бүкіл ел аумағында экология айлығы өтеді. Оның аясында барлық өңірде жастардың қатысуымен өзен арналары тазартылады, аулаларды тазалау, ағаш егіп, гүл отырғызу жұмыстары жүргізіледі.