Алматы зообағында сирек кездесетін жыртқыш құс балапан басып шығарды

Бұл туралы зообақтың баспасөз қызметі Instagram-да хабарлады.

Бізде тағы бір қуанышты жаңалық бар: сирек кездесетін сақалтай жыртқыш құсы кішкентай балапанын өмірге әкелді! Қаршыға тұқымдас бұл құсты қозықұмай немесе балтажұтар деп те атайды. Өздеріңіз білесіздер, Алматы хайуанаттар бағы әлемдегі зообақтар арасында алуан түрлі жыртқыш құстар топтамасымен танымал. Зообағымызда жыртқыш құстарды көбейту өткен ғасырдың 70-жылдарының басында басталды. 1972 жылы бізде Икар Бородихин деген натуралист жұмыс атқарған. Бұған дейін ол Қарашеңгел аңшылық шаруашылығының Сұңқар питомнигінде жұмыс істеген. Икар Федорович жабайы табиғатта зардап шегіп, жараланып қалған: сұңқар, жамансары, ителгі, бүркіт сияқты жыртқыш құстарды зообаққа алып келіп, күтіп-баптап, оларды өсіріп, сақтап, көбейтуге ерекше атсалысқан. Бұл құстар жабайы табиғатта қайта өмір сүре алмайтыны себепті хайуанаттар бағы олардың жаңа үйіне айналды. Сол жылы хайуанаттар бағында сақалтай құсының алғашқы балапандары пайда болған, — делінген жазбада.

Осыған дейін Болгарияның София хайуанаттар бағы сақалтайларды өсіріп, көбейткен. Екінші жағдай Қазақстанда тіркелген. Содан бері 2014 жылға дейін сақалтай құсы Алматы хайуанаттар бағының эмблемасы болған.

Бұл оқиғаны достарыңызбен бөлісіңіз. Көпшілік қауым зообақтың табиғатта жойылып бара жатқан құс-жануарлардың түрлерін сақтап, қиыншылыққа тап болған жануарларды құтқаруға көмектесетінін білсін, — деп жазды зообақтың баспасөз қызметі.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Алматинский Зоопарк (@almatyzoo)