Нұрсұлтан Назарбаев Қарулы күштерді дамыту мәселесі туралы айтты

Қазақстанның тұңғыш президенті — қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевті қабылдады.

Бұл туралы Elbasy.kz сайты хабарлады.

Кездесуде Әсет Исекешев Нұрсұлтан Назарбаевқа 2025 жылға дейінгі ұлттық қауіпсіздік стратегиясы мен Ұлттық қауіпсіздік қатерлерінің алдын алу жөніндегі іс-әрекет жоспары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, сонымен бірге Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысына дайындық барысы туралы ақпарат берді. Онда Қарулы күштерді, басқа да әскер және күштік құрылымдарды 2030 жылға дейін құру, дамыту тұжырымдамасының жобасы, шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралады.

Сонымен бірге Әсет Исекешев Қазақстанның тұңғыш президентіне азаматтардың құқығы мен бизнесті қорғауды күшейту, учаскелік полиция инспекторларының рөлін арттыру, құқық қорғау жүйесін реформалау жұмыстары, киберқауіпсіздік пен ақпараттық кеңістікті қорғау саласында қабылданған шаралар туралы баяндады.

Нұрсұлтан Назарбаев су тасқыны мен селден қорғану, өрт қауіпсіздігі сынды өзекті мәселелерге, сонымен бірге пандемия аяқталғаннан кейінгі кезеңде ұлттық экономиканы әрі қарай дамыту мәселелеріне назар аударды.

Ұлттық қауіпсіздіктің барлық аспектісіне, соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі мен құқық қорғау жүйесінің жұмысына одан әрі талдау жүргізу керек. Қауіпсіздік кеңесінің келесі отырысында Қарулы күштерді дамыту мәселелері талқыланады. Алдағы жиынға сапалы дайындық жүргізу қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы құқық қорғау жүйесін кезең-кезеңімен реформалаудың алғашқы нәтижелері туралы баяндады. Әсет Исекешевтің ақпаратына сәйкес, негізгі процессуалдық шешімдер бойынша прокурормен келісу институтын енгізу азаматтардың қылмыстық процестегі конституциялық құқықтарының бұзылуын үштен бірге, негізсіз қамауға алынған адамдар санын екі есе азайтуға жол ашты.

Биыл қылмыс деңгейінің төмендеу үрдісі сақталып отыр. Бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 13,3% азайды, – деді қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев.

Сонымен бірге Әсет Исекешев 28-29 сәуірде Душанбеде өтетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің кезекті отырысына дайындық барысы туралы баяндады. Аталған жиында өңірлік қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелер, терроризм мен есірткі қылмысына қарсы күрес және өзара іс-әрекеттің өзге де аспектілері талқыланады.

Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің аппаратына бірқатар нақты тапсырма берді.