Нұрлан Ермекбаев президентке әскерилердің 20%-і вакцина салдырғанын айтты

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде коронавирус індетіне қарсы күрес жағдайына талқыланды. Нұрлан Ермекбаев әскери медицинаның ПТР-зертханалармен қамтылуы жайында айтты.

Министрдің айтуынша, Нұр-Сұлтан мен Алматыда екі зертхана іске қосылған, ал Ақтау мен Семейде мобильді кешен жұмыс істеп тұр. Офицерлер мен сарбаздарға вакцина салу жалғасып жатыр. Бүгінде Қарулы күштер құрамының 20%-не екпе егілген.

Министр президентке «Алтын жебе» арнайы операциясы және «Қалқан-2021» ведомствоаралық кешенді оқу-жаттығу жиындарының нәтижелері, сонымен бірге екінші жартыжылдыққа жоспарланған «Отпантау» стратегиялық оқу-жаттығуға дайындық жөнінде есеп берді.

Нұрлан Ермекбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның халықаралық әскери ынтымақтастық бағыттары, Қарулы күштерді әскери техникамен жабдықтау, Қарулы күштердің тұжырымдамасын дамыту жұмыстары туралы айтты. Сонымен бірге Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнін мерекелеуге дайындық барысы, 2022 жылы Қазақстан әскерінің құрылғанына 30 жылдығын атап өтуді ұйымдастыру жұмыстары талқыланды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ведомств басшысы Нұрлан Ермекбаевқа еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.