Президент Атыраудың экология жағдайын жақсарту туралы тапсырма берді

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысының айтуынша, Жайық өзені қатты тартылып, оның экология ахуалы күннен күнге нашарлап барады. Бұл мәселе онсыз да ауыз суға мұқтаж болып отырған жергілікті тұрғындарды толғандырып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер де үлкен қиындықтарға тап болды.

Біз Жайық өзені аңғарының экожүйесін сақтау жөнінде 2024 жылға дейінгі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы туралы бағдарлама қабылдадық. Үкімет осы бағдарламада көзделген іс-шараларды уақтылы қаржыландыруы керек. Сонымен бірге Ресей жағымен бірлесіп, жедел шаралар қабылдауы қажет, – деді президент.

Өңір халқының бір бөлігі мен мұнай өндіретін компаниялар «Астрахань–Маңғышлақ» су құбырынан ауызсу алып отыр. Бүгінде бұл су құбырының тозығы жеткен.

Президент Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырын қайта жаңғыртуға қатысты тапсырма берді. Әлі күнге дейін ауылдарды таза ауызсумен қамту толық аяқталмаған. Облыс бойынша 30 ауылға ауызсу жетпеген. Президент Үкімет пен әкімдікке бұл мәселені алдағы екі жылда толық аяқтауды міндеттеді.

Фото: Akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, азаматтардың өмір сүру сапасы мен денсаулығы экология ахуалына тікелей байланысты. Бұл тарапта Атырау облысы мақтанарлық жағдайда емес. Былтырдың өзінде өңірде ауаны ластаған 160 жағдай тіркеліпті.

Біз озық халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа Экологиялық кодекс қабылдадық. Экологиялық тиімділікті арттыратын бағдарламаларды қолға алған кәсіпорындар қалдық шығарғаны үшін төленетін ақыдан босатылады. Бұл саладағы қолжетімді технологияның ең таңдаулысы мұнай-газ кәсіпорындарына енгізілуі керек, – деді Президент.

Президент Үкімет өңірдегі қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, бұл мәселені мұқият бақылауға алуы керек екенін айтты.