Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның экономикасын дамытуда Атырау облысының орны ерекше екенін, мемлекетіміздің алғашқы ірі инвестициялық жобалары осында жүзеге асырылғанын, ол жобалар еліміздің экономикалық және энергетикалық қауіпсіздігі үшін берік негіз қалағанын айтты. Мұнайлы өңірдің тыныс-тіршілігін, тұрғындардың әл-ауқатын әрдайым жіті назарда ұстайтынын атап өтті.
Жалпы өңір қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда мемлекетіміздің ішкі жалпы өніміндегі облыс экономикасының үлесі 10%-тен асты. Елімізге тартылған инвестицияның 30%-ке жуығы осы аймаққа тиесілі. Қазақстанның өнеркәсіп өнімінің жалпы көлеміндегі Атыраудың үлесі 20%-ке жетті, – деді президент.
Мемлекет басшысы облыста түйіні шешілмеген мәселелердің де бар екенін еске салды. Мысалы былтыр аймақта өнеркәсіп өндірісі мен тұрғын үй құрылысының көлемі, шағын және орта бизнес өндіретін өнім мөлшері азайып кеткен.
Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының жағдайы туралы барлық баяндаманы тыңдап шыққаннан кейін, аймақты дамытуға қатысты нақты мақсат-міндеттерді атады. Президенттің айтуынша, ең алдымен өңірде мұнай-газ өнеркәсібін дамыту қажет.
Үкімет өңір әкімдігімен бірлесіп, ірі мұнай-газ жобаларын уақтылы жүзеге асыруды бақылауға тиіс. Болашақта кеңею жобасын уақтылы аяқтау маңызды. Сонымен бірге Қашаған кен орнын толық игеру керек. Сол арқылы бір жылда өндірілетін мұнай көлемін 15 миллион тоннаға арттыруға болады. Нәтижесінде жұмыс орындары ашылып, отандық қызмет көрсету компаниялары мен шағын және орта бизнес өкілдері үшін мол мүмкіндіктер туады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы аймақтағы «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономика аймағының жұмысына қатысты біраз мәселе бар екенін айтты.
Арнайы экономика аймағының инфрақұрылым құрылысы аяқталмаған. 2015 жылы аталған нысанды дамытуға 162 миллиард теңге бөлінген. Бірақ осыған дейін бір ғана жоба іске асқан. Полипропилен және полиэтилен өндірісі бойынша ірі жобалар әлі жүзеге аспаған. Өйткені қажетті инвестор мен өнімді сататын нарық табылмаған, — деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы олқылықтарды тез реттеп, Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына жұмысты жеделдетуді тапсырды.