Ораза сөзінің араб тіліндегі аудармасы “ас-саум”, яғни тыйылу деген мағына береді (“Ислам түсіндірме сөздігі, Гогиберидзе Г., 2009 ж.).

Ал қазақша “ораза” сөзі парсының ураза, яғни күндік деген сөзінен шыққан дейді “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия” кітабы. Яғни ораза деп күндіз ауызды ішіп-жемнен тыйып, басқа да рұқсат етілмеген іс-әрекеттен өзін аулақ ұстайтын уақытты айтады.

Рамазан – мұсылман күнтізбесі бойынша тоғызыншы ай. Араб тілінде рамадан делінсе, түркі елдері рамазан деп айтады. Осыған байланысты қазақша да рамазан. Бұл сөз аптап, ыстық деген мағына береді. Рамазан айында құран түсірілді, сондықтан ол мұсылмандар үшін қасиетті саналады. Тіпті бұл айды “Құран айы” деп те атайды.

Ифтар немесе ауызашар

Ифтар сөзі араб тілінен аударғанда ауыз ашу деген мағына береді (Әли-заде А. А., “Ислам энциклопедиялық сөздігі, 2007). Сондықтан оны қазақша ауызашар деп айтамыз. Рамазан айында күн батқан сәтте ораза ұстаған адамдар аузын ашады. Қазір біразы ауызашар емес, ифтар деп айтып жүр. Мағынасы бір. Тек бірі араб тілінде, екіншісі қазақша.

Ифтар сөзіне байланысты ҚМДБ өкілдері 2019 жылы ресми пікір берген еді. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы Шариғат және пәтуа бөлімінің мамандарымен ақылдасып, былай деді:

“Ораза тұтқан адамның күн батқанда ауыз ашуын қазақша “ауызашар” дейді. Ал арабшасы “ифтар” деп аталады. “Ифтар” сөзі мұсылман елдерінде кеңінен тараған. Жалпы алғанда әр ұлт өз тілінде айтса оның шариғатқа ешбір томпақтығы жоқ, яғни күнә емес. Сондықтан әрбір қазақ қазақшалап “ауызашар” сөзін қолданғаны дұрыс”, – деді имам.

Әлихан Бөкейханов Ахмет Байтұрсыновқа түрмеде отырып жазған хатында “Мен бүгін ауыз бекіттім. Ауызашарға ештеңе таппай, қара сумен амалдадым” деген екен.

Сухур немесе сәресі

Ифтар деп ауыз ашуды айтса, сухур (сәһәр) араб тілінен “күн шыққанға дейінгі тамақтану” деген мағынаны білдіреді. Бұл жайлы XX ғасырдың басынан бастап жарық көрген “Ислам энциклопедиясы” жазады.

Ал сәресі деп таңның енді ататын шағын, әлі атпаған кезін айтады. Осыған байланысты сухур қазақша сәресі болады.

Кей адам сәресіні сәре деп қолданып жатады. Бұл туралы филология ғылымының кандидаты Батырболат Айтболатұлы Facebook-тегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, дұрысы – сәресі. Ал осы сөз септелгенде тиісінше сәресіне емес, сәресіге, сәресінде емес, сәресіде, сәресін емес, сәресіні, сәресінен емес, сәресіден болады.

Мән беретін нәрсе – оның “не?” деген сұраққа жауап беретін атау тұлғадағы біртұтас, түбір сөз екені. Бұл сөз тәуелденіп тұрған жоқ, соңындағы “сі” тәуелдік жалғауы емес. Сәресі сөзінің тәуелденуіне келсек, “менің сәресім, сенің сәресің, оның сәресісі” болады, – дейді Батырболат Айтболатұлы.

Ал арабист Еркебұлан Әлімжанов бұл пікірге ойын қосты. Оның сөзінше, сәһәр сөзі ұйықтамау, таңға дейін ұйықтамай жүру деген мағына береді.

Қазақ тіліне бұл сөз екі жолмен кірген. Бірі тура араб тілінен “сахар, сахара” болып ауысса, екіншісі парсы тілі арқылы “сәһре, сәре” түрінде енген. Сәресі – сәре+ас, сәре+асы=сәресі, – дейді Еркебұлан Әлімжанов.

Машалла

Машалла (Маша Аллах, Машаллах) арабшадан аударғанда “Құдай осылай қалады” деген мағынаны білдіреді. Бұл сөз мұсылмандарда жақсы дүниені көргенде немесе естігенде, таңданғанда, қуанғанда, Алланы мадақтау, оған шүкірлік ету мағынасында қолданылады.

Сонымен қатар Иран, Әзірбайжан және тағы басқа елдерде Машалла сөзі – ер адамдарға қойылатын есім.

Иншалла немесе Құдай қаласа, бұйырса

Иншалла, (Ин ша а Ллах) сөзі “Құдай қаласа” деген мағына береді. Мұсылмандарда “Біздің қалауымыз емес, Алланың дегені болады” деген мағынада бірнәрсені жоспарлағанда, ойлағанда айтылады. Ал қазақ тілінде “Құдай қаласа, бұйырса” деп қолданамыз.

Әлхамдулилла немесе Құдайға шүкір

Әлхамдулилла – араб тілінде Құдайды мадақтау түрінде, оған шүкірлік ету ретінде қолданылатын одағай сөз (“Ислам энциклопедиясы”). Қазақ тілінде оны “Құдайға шүкір”, “Аллаға шүкір” деп қолданамыз. Сонымен қатар “Жәрәкімалла” деп те айтылады. Бұл нұсқа әсіресе әдеби кітаптарда және ауызекі сөйлеу стилінде көп кездеседі. Тіпті адам түшкіргенде де Әлхамдулилла деп айтылады. Себебі хадисте түшкіру ұнамды әрі Аллаға жағатын әрекет екені, түшкірген кезде Әлхамдуллила деп оған шүкір ету керек екені айтылады.

Пітір садақа немесе зекет

Пітір сөзі араб тілінен аударғанда жаратылыс деген мағынаны білдіреді. Осы себепті оны кей ғұлама дене зекеті деп атаған көрінеді. Пітір садақа негізгі қажеттілігінен тыс нисап көлеміндегі (шамамен 85 грамм алтынмен тең) байлыққа ие адамға уәжіп етілген. Рамазан оразасы парыз етілген жылы пітір садақа да уәжіп етілді. Садақа Ораза айтқа дейін берілгені дұрыс. Себебі Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) “Мейрамда кедейлерді қайыр сұрауға мұқтаж етпеңдер” деген.

Биыл пітір садақа мөлшері 420 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ұн бағасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды.

Хадия немесе сыйлық

Хадия арабшадан аударғанда – сыйлық. “Рамазанға орай саған бір хадиям бар”. Осы сөз қазір Исламның жаңа бір трендіне айналды. Ифтар мен сухур сияқты хадия сөзін де көбі қолданып жүр. Сонымен қатар Ислам дінін ұстанатын елдерде қыздарға Хадия есімі қойылады.