Министр су тасқыны қаупі бар елді мекендерді әуеден бақылады

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қауіпті аймақтарды әуеден бақылау жұмыстарына төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары төтенше жағдайлар департаменттерінің басшылары, әкімдерінің орынбасарлары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұшу кезінде Ақмола облысының Целиноград, Астрахан, Атбасар, Сандықтау, Зеренді аудандарының және Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау, Есіл, Аққайың, Тайынша, Есіл, Ғ.Мүсірепов, Шал ақын аудандарының су тасқыны қауіпті учаскелері мен елді мекендері тексерілді.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Колутон өзенінің кей бөліктерінде су тасқыны қаупі бар екенін айтты.

Ақмола облысының аумағында жоспарлы ұшу су тасқыны жағдайы қалыпты екенін көрсетті. Жалғыз қауіп Колутон өзенінің кей бөліктерінде байқалады. Бір апта бойы су деңгейінің көтерілуі байқалған. Қазір ол төмендеп жатыр. Шамамен 10-14 күннен кейін жағдай қалпына келуге тиіс, — деді Юрий Ильин.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіқалықов барлық өзенде судың төмендеуі байқалатынын және су айдындары өз арналарына кіргенін айтты.

Сонымен бірге Юрий Ильин әуеден бақылау барысында Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысының кейбір аудандарында шаруа қожалықтары орман алқабы маңындағы құрғақ шөпті жоспарлы өртеу жұмыстарына кіріскенін ескертті.

Министрдің айтуынша, көктемде бұл жұмыстар көбіне бақылаусыз жүргізіледі және ірі өрттердің туындауына себеп болады. Олар бұл жұмыстарды қар ери салысымен бастап кетеді. Алайда құрғақ шөпті жағу жұмыстары жүргізілген жағдайда, шаруалар төтенше жағдайлар департаменттеріне хабарласуға тиіс. Бұл факт теріс салдарға әкеп соқтырмас үшін алдын ала ескерту қажет.

Министр Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы су тасқыны жағдайын бақылау бойынша бірқатар тапсырма берді.