Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 51 мыңнан астам грант бөлінеді деп жоспарланып отыр. Оның белгілі бір бөлігі І, ІІ топтағы және бала кезінен мүгедектігі бар балаларға, мүгедектігі бар балалар арасынан шыққандарға, жетімдерге, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі.
Осы жылы ҚР білім туралы заңына жаңа норма енгізілді. Оған сәйкес енді төрт немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасыдан және кемінде 3 баласы бар толық емес отбасыдан шыққан тапсырушылар, бала кезінен мүгедектігі бар және І, ІІ топтағы мүгедектік тағайындалғаны баланы тәрбилеп отырған отбасыдан шыққандар үшін арнайы гранттар бөлінеді. Бұл азаматтарға санатына байланысты 1%-тен 10%-ке дейін грант көлемі қарастырылады, — дейді жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің басқарма басшысы.
Жанна Есінбаеваның айтуынша, мемлекеттік грант конкурсына қатысатын мұндай санаттағы балалардың саны әлі белгісіз.
Бұған қатысты нақты статистиканы ҰБТ-дан соң мемлекеттік грантқа өтініш қабылдау басталғанда ғана біле аламыз. Бірақ қолымызда бар ақпаратқа сүйенсек, қазіргі кезде грантқа үміткер көпбалалы отбасыдан шыққан балалар саны 7%-ке артқан, — дейді БҒМ өкілі.
Гранттың көп бөлігі елдегі кадр саны аз педагогика, инженерлік бағыт және ақпараттық коммуникация саласына үлестіріледі. Инженерлік бағыттағы мамандықтарға 17 мыңнан астам грант бөлінеді. Оның 850-і көпбалалы отбасы балаларына беріледі екен.
Бұл гранттар 4 жылдық оқу шығынын өтейді, — дейді басқарма басшысы.
Дегенмен абитуриенттер оқу бітірген соң оқу ақысын өтеуге міндетті. Олар мемлекеттік және жекеменшік мекемелерде өз саласы бойынша кемінде 3 жыл жұмыс істеуге тиіс.
Одан бөлек, Жанна Есінбаева білім беру мекемелерінің мүгедектігі бар студенттерді оқытуға дайындығы туралы сөз қозғады.
Мемлекеттік немесе жекеменшік оқу орындары инклюзив білім беру бағдарламасы аясында жұмыс істейді. ЖОО-лар азаматтардың бұл санатына білім беруге дайын, — деп айтты БҒМ өкілі.
Грант конкурсына өтінім Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша қабылданады. Әлеуметтік осал санаттағы және аз қамтылған отбасы балалары да барлық азаматтар секілді 1 шілдеден бастап конкурсқа өтінім жібере алады.
Ең бастысы — ҰБТ-дан оқығысы келетін мамандық пен университеттің шекті баллын жинау. Ал одан кейінгі құжат тапсыру оңтайландырылған. Электрон үкімет порталы арқылы өтініш жазады. Қалған құжаттарды арнайы ақпараттық жүйелерден алуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге жоғары оқу орындарында арнайы қабылдау комиссиялары және виртуал комиссиялар жұмыс істейді, — дейді Жанна Есінбаева.