Бас прокурор президентке кәсіпкерлердің құқығын қорғау туралы айтты

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Бас прокурор президентке қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшудің бірінші кезеңін іске асыру нәтижелері туралы ақпарат берді.

Ғизат Нұрдәулетовтің айтуынша, сотқа дейінгі тергеу органдары прокурорлармен негізгі шешімдерін келісудің арқасында азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу 33% азайған.

Мемлекет басшысына кәсіпкерлерді мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғау, прокурорлық қадағалауды бизнестің проблемаларын тиімді шешуге қайта бағдарлау бойынша берілген  тапсырмаларды орындау жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы айтылды.

Бас прокурор жыл басынан бері 22 мың кәсіпкердің құқығы қорғалғанын, 357 заңсыз тексеру мен мемлекеттік органдардың 56 актісі жойылғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның барлық саласында заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығын айтып, Ғизат Нұрдәулетовке бірқатар тапсырма берді.