Аида Балаева президентке экологиялық ағарту шаралары туралы айтты

Президент ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваны қабылдады. Министр мемлекет басшысына ведомствоның ақпараттық саясат пен азаматтық қоғамды дамыту бағытында атқарып жатқан жұмыстары жайында баяндады.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Аида Балаева Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына, оның ішінде, волонтерлық қозғалысты және экологиялық ағарту шараларын одан әрі дамытуға, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында атқарылатын іс-шараларды жүзеге асыруға қатысты бұған дейін берген тапсырмалардың орындалу барысы туралы ақпарат берді.

Ведомство басшысы президентке “Қоғамдық кеңестер туралы” және “Ақпаратқа қол жеткізу туралы” заңнамаларға енгізілген жаңа түзетулердің жүзеге асырылу барысы туралы айтты.

Сонымен бірге министр мемлекет басшысының қоғамдық бақылау, волонтерлік және қайырымдылық қызмет туралы жаңа заң жобаларын әзірлеу жөніндегі тапсырмаларының орындалуы жайында баяндады.

Кездесу соңында президент министрлікке бірқатар нақты міндет жүктеді.