Президент ішкі істер министріне жол апаттарының алдын алуды тапсырды

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Министр президентке ведомство жұмысындағы бірқатар оң үрдістер жайында айтты. Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, биыл қылмыс деңгейі 13% қысқарған, тонау, ұрлық және бұзақылық 37% аз тіркелген. Қоғамдық орындар мен көшелердегі қауіпсіздік деңгейі артқан.

Ерлан Тұрғымбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа есірткі қылмысына қарсы күрес туралы айтты. Ішкі істер министрінің мәліметтеріне сәйкес, бірінші тоқсанда полицейлер 860 есірткі қылмысын анықтап, синтетика заттарын жасайтын 8 зертхананы жойған, 1 тоннадан астам есірткі тәркілеген.

Министр президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы, оның ішінде, «жұртқа жақын полиция» қағидатын қамтамасыз ету және учаске инспекторлары қызметін реформалау жайында ақпарат берді.

Ерлан Тұрғымбаев әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелердің штат санының тиісті нормаларға жеткізілгені, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстық істерді жүргізу бойынша тергеуші әйелдердің мамандануын кезең-кезеңімен енгізу туралы баяндады.

Кездесу қорытындысы бойынша мемлекет басшысы ішкі істер органдарын цифрландыру, жол апаттарының алдын алу жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Президент жеке құрам мен ведомствоның ақпараттық саясатының жұмысын жетілдіру қажет екеніне назар аударды.