Атырауда «Айбын-2021» әскери спорттық жарысы өтті

Жарыс мектеп, аудандық, қалалық және облыстық кезеңдерден тұрды. Сайысқа барлығы 710 оқушы қатысты.

Әр команда қатысушылары бірнеше сынақ тапсырды. Мысалы, ұлдар белтемірге тартылса, қыздар денені бейімді қалыптан көтеруден, АК-74 автоматын шашу және жинаудан, «Берпи» еркін жаттығулар кешенің орындаудан, жалпыәскери қорғаныс костюмін киюден, алғашқы медициналық көмек көрсету мен робототехникадан жарысқа түсті.

Биыл жарыстар онлайн режимінде өтті. Сайыстың әр кезеңіне объективті төрелік ету мақсатында Қарулы Күштер ардагерлерін шақырдық. Мұндай іс-шаралар жастарды болашақта әскери мамандық таңдауға итермелейтіндігін атап өткім келеді, — дейді «Жас сарбаз» жергілікті қозғалысының төрағасы Нұрлан Елеуов.

Нәтижесінде, бірінші орынды Құрманғазы өңірінің әскери-патриоттық клубы, екінші орынды Индер құрамасы иеленді, Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжі үздік үштікті қорытындылады.

Конкурстың үздік қатысушылары Құрманғазы ауданы Қадыр Мырза Әли атындағы орта мектептің оқушылары Дарина Уразбаева және Нурасыл Жолтаев атанды.

Айта кетейік, 2020 жылдың қортындысы бойынша, Нұр-Сұлтан қаласы мен Атырау облысы жастар арасында әскери-патриоттық қозғалысты дамыту және дәріптеу бойынша үздік өңірлер деп танылды.