Астанадағы тағы 2 сауда орталығында вакцина салғызуға болады

Сархат Бейсенованың сөзінше, қазіргі уақытта қаладағы екі ірі Mega Silk Way және «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталықтарында егу пункті бар.

Қазіргі кезде басқа сауда және ойын-сауық орталықтары мен үйлерде егу пункттерін ашу қарастырылып жатыр. Адамдар көп жиналатын жерлерде қосымша егу кабинеттерін ашу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіледі. Жақында мұндай пунктілер «Керуен» сауда және ойын-сауық орталығында және «Абу-Даби плаза» кешенінде ашылады, — деді бас санитар дәрігер.

Медицина мекемелеріндегі сияқты сауда ойын-сауық орталықтарында барлық санитария талабы  сақталады.

Сонымен бірге Сархат Бейсенова әрбір компонент үшін жеке орын дайындау мәселесі де пысықталып жатқанын айтты.

Нұр-Сұлтан қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратовтың мәліметінше, астанада қазірге дейін 65 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдырды. Вакцинадан кейін асқынулар тіркелген жоқ.

Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін 600 мыңнан астам адамды, яғни жас шектеуі мен медицина көрсеткіштерін ескеріп немесе қала тұрғындарының кемінде 60%-ін вакцинациялау жоспарланып отыр, — деді Тимур Мұратов.