Қасым-Жомарт Тоқаев Татарстан президентімен кездесті

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Татарстанмен ынтымақтастық Ресей Федерациясымен арадағы кешенді іс-қимылдардың ішіндегі ең маңыздысы саналатынын айтты.

Мемлекет басшысы Татарстан президентінің жақында Қарағанды облысына жасаған сапарын жоғары бағалады. Сол сапар кезінде Саран қаласында дөңгелек шығаратын зауыт іске қосылған болатын.

Біз бұл кәсіпорынға үлкен үміт артып отырмыз. Қазақстандықтардың үлкен бір тобына Татарстанда білім алуға мүмкіндік жасағаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Мен мұны бұдан кейін де жалғасы болатын нақты жоба деп білемін. Біздің нарықта «Татнефть» компаниясынан басқа, «КамАЗ» кәсіпорнымен бірлескен жобаларымыз да бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: Akorda.kz

Қазақстан президенті Татарстанмен мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайта беруге бейілді екенін жеткізді.

Біз татар мәдениетін өте жақсы білеміз және құрметтейміз. Сіздердің мәдениеттеріңіз біздің елде кеңінен танымал. Таяу уақытта, пандемия біткеннен кейін Қазақстанда Татарстан мәдениеті мен өнерінің күндерін өткізуге келісеміз деп ойлаймын. Біз бұл іс-шараның табысты өтуі үшін барлық жағдайды жасаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Рустам Миннихановқа Нұр-Сұлтаннан татар халқының көрнекті өкілі, айтулы ақын Ғабдолла Тоқайдың атына бір көше берілетіні жайында айтты. Бұл екі халық арасындағы ынтымақтастықтың жарқын белгісінің бірі болмақ.

Фото: Akorda.kz

Өз кезегінде Татарстан президенті Қазақстанға жасаған кезекті сапарының табысты өткеніне ризашылығын білдірді.

Ресей-Қазақстан қарым-қатынастары аясында Татарстан көптеген жобаны іске асырып жатыр. Екіжақты байланыстардың іргетасы берік. Біздің тұңғыш президентіміз Минтемір Шаймиев Сізге дұғай сәлем айтып жатыр. Оның Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлымен байланысының арқасында өзара қарым-қатынасымыздың негізі мықты қаланған, – деді Рустам Минниханов.

Фото: Akorda.kz

Әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан мен Татарстан арасындағы сауда-экономикалық, өнеркәсіптік, энергетикалық кооперацияларды одан әрі нығайту, сонымен бірге коронавирус пандемиясымен бірлесіп күресу мәселелерін талқылады.