Жеткіншек қыздардың сенімін арттырған жоба
Impact Hub Almaty ұйымы жүзеге асыратын Azamat 3.0 бағдарламасы бейресми білім берудегі инновациялық тәсілдер көмегімен жастарды қазіргі әлемнің белсенді азаматы болуға қолдау көрсетеді. Бағдарлама 18-24 жас аралығындағы белсенді жастарға арналған және жастардың кәсіби қасиетін дамытуға, олардың әлеуметтік хабарын қалыптастыруға бағытталған.
Бір мүддені көздеп, қоғамға пайдасын тигізуді қалаған бір топ жас осы бағдарлама арқылы бір-бірін тауып, «ЯСестра» жобасын қолға алған. Бұл жобаның мақсаты — жеткіншек қыздардың өзіне сенімін арттырып, ықтимал болған зорлық-зомбылық құрбанына айналмаудың, құқығын қорғай алудың жолын көрсету.
Бізді тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күресу мақсаты біріктірді. Мәселеге шындап енгенімізде, бар мәселенің түбірі өзіне сенімсіз, құқығын, қалауын, шекарасын білмейтін жеткіншек қыздардың зорлық-зомбылық туралы ақпараттанбауы екенін түсіндік. Әрине, бұл мәселенің тамыры тым тереңде, себебі де көп. Бірақ біз командамызбен мәселенің дәл осы тұсына мән беріп, оған әсер етуге тырысып жатырмыз, — дейді Girl power командасының мүшесі Мадина Кушкинбаева.
Girl power командасының жобаны құрудағы басты мақсаты – 13 -17 жас аралығындағы жасөспірім қыздарды қолдау, ақпараттандыру және жан-жақты дамуына жәрдемдесу. Жасөспірім шақ — тұлға болып қалыптасудағы басты кезеңнің бірі. Команда мүшелері осы кезде барлық адамға, соның ішінде жасөспірім қыздарға мейлінше қолдау қажет екенін айтады.
Қоғамдағы ролін, тең дәрежелі құқығын, бойындағы жан-жақтылығын дамытып, өз ойын ашық айта алатын жасөспірім қыздар көп болса, қоғамға пайдасы орасан деп есептейміз. Әрине, жасөспірім шақтың қиыншылығы барлығына бірдей сезіле бермейді. Бізде қазақ қоғамында қыз баланың тәрбиесіне аса мән береді ғой. Осы кезде жасөспірім өз тарапына бөлінбеген уақыттан да, көңілдің көп бөлінуінен де жиреніп кетеді. Кейбір ересекке еліктеп, зиян әдеттерге әуес бола бастайды. Үлкендердің айтқан ақылын жақтырмайды. Гормондық тұрғыдан да дене бітімдері өзгере бастайды. Өздерін не ересек, не әлі кішкентай екенін ажырата алмай, күйзелісте жүреді. Бұл ішкі күйзелістің арты сенімсіздік, біреудің ойына тәуелді болу, жеке шекарасын қалыптастыра алмау деген сияқты көзге көрінбейтін, бірақ үлкен мәселелерге әкеліп соғады. Ал біздің жоба осындай жасөспірім шақтағы қыздарға мейлінше қолдау көрсетіп, кезеңіне орай болатын физиологиялық, гормоналдық өзгерістері туралы отбасы институтында көбіне айтыла бермейтін тақырыптарда әңгіме қозғап, сұрақтарына жауап береді, — дейді команда мүшесі.
Azamat 3.0 бағдарламасы арқылы алғаш кездескенде команда мүшелерінің барлығы бірдей Қазақстанда, соның ішінде Атырауда карантин уақытында статистикасы күрт көтерілген отбасыдағы зорлық-зомбылық және оны «отбасы мәселесі» деп жылы жауып қоятындардың да көптігі алаңдатқан. Осындай жағдайға тап болған әйедердің психологиясын зерттегенде, жасөспірім шақтағы өзіне сенімсіздік, көпшілік ойының алаңдатуы, өз өмірі үшін шешім қабылдай алмауы сияқты бірнеше психологиялық проблеманың жәбір көрсетушілерге, «қайтып келген қыз жаман» стереотипін ұстанып, қоғам ойына тәуелдікке әкелетінін түсінген.
Позитив шешімді іздедік. Ең оңтайлысы – профилактика екенін ұқтық, яғни алдын алу. Жоба аясында жеткіншек қыздар болашақ ықтимал жәбір көрсетушілермен отбасын құрудың алдын алады. Физиологиялық зорлықтан бөлек, психологиялық қысым жасайтын жандармен тығыз қарым-қатынасқа түспеуді үйренеді. Оған қоса, табиғатын қабылдай алып, ішкі жан-дүниесін баланста ұстап, басқаның жеке шекарасын, ойын сыйлай білетін тұлға болып қалыптасады. Өзіне сенімділік пен махаббатқа қол жеткізеді, — дейді Girl power.
Команда қазіргі уақытта бөлісіп жатқан ақпаратын жан-жақты әрі нақты жеткізу мақсатында Instagram әлеуметтік желісінен басқа Youtube платформасында үш бейнематериал түсірген. Бірінші шығарылымға жасөспірім шақтағы қыздар келіп, ойын бөлісіп, сұрақтарға жауап берсе, екінші шығарылымда жасөспірім шақтан өткен қыздар сол кездегі қиындығы мен қызығын баяндайды.
Үшінші шығарылымда Атыраудағы білікті психологтың көмегімен Instagram желісінде қыздардың, яғни мақсатты аудиториямыздың сұрақтарына жауап бердік. Қазіргі таңда елімізде жарияланған карантин талаптарына сәйкес, қыздарға білікті мамандармен кездесулер ұйымдастыра алмасақ та, келешекте тренерлермен, психологтармен, мамандармен жиындар өткізу ойымызда бар, — дейді Мадина Кушкинбаева.
Команда құрамындағы мүше саны әрдайым өзгеріп отырған, қазір олар — төртеу. Мадина, Арайлым, Гауһар, Әсемгүл есімді қыздар жұмысты көбіне бірлесіп атқарады, кейде жеке істейтін қызметтері де болады. Посттарды әркім бөлек жазады, подкасттарды бірге жасайды, монтаждайтын маман бар, иллюстратор суреттерді салып беріп отырады. Бірі күнделік сюжетін жазса, екіншісі аударма жасайды. Бірақ кез келген идеяны барлығы бірлесіп ақылдасады.
Бұл жобаның өмірге келгеніне айтарлықтай көп болған жоқ, сол себепті қоғамға бір түбегейлі өзгеріс әкелмедік. Бірақ қаламыздағы жасөспірім қыздардың сенімділігі артып, өздерін ерте жастан дамытуға тырысады деп ойлаймыз. Ал өзін тапқан, тұлға ретінде ерте жастан қалыптастырған жастар ел болашағы деп білеміз. Әрбір жоба жүзеге асқаннан бастап, болашақта күтетін жетістіктері бірден ойға келері сөзсіз. Біздің де жобамыздан күтер нәтижеміз өте көп. Әрине, мүмкіндігіміздің аз екенін білсек те, жаңадан жоба жасап жатсақ та, қоғамға, жасөспірім қыздарға кішкентай болса да, көмегіміз тисе, біз үшін үлкен жетістік деп білеміз. Себебі «Бір адамға көмегің тисе, бүкіл әлемге көмегің тиеді» деген ұстаным бойынша жұмыс істесек, көп нәтижеге қол жеткіземіз деп сенеміз, — дейді Girl power командасы.
Ерекше жандарға тігін мен кәсіпті үйреткен жастар
Қоғамға пайдасын тигізуді мақсат еткен Атыраудағы тағы бір топ жас бас қосып, ерекше жандарға тамаша кәсіп түрін ұйымдастырып жүр. Олар өзін «Save командасы» деп атап, мүгедектігі бар азаматтарға тігін курстарын өткізіп, қолдан жасаған туындыларын сатуға көмектеседі.
Бұл жобаны бастауымызға қоғамдағы өзекті мәселе түрткі болды. Атырауда ерекше әлеуметтік топтардың, соның ішінде ерекше жандардың қоғаммен байланысудағы қиындығы командадағы әр адамды алаңдатты. Save командасы Azamat 3.0 жобасының шеңберінде құрылды. Барлығымызды бір мақсат біріктіріп, пайдалы іске кірістік. Біздің мақсат — командадағы бірлікті сақтай отырып, кез келген адамға қоғамды ыңғайлы ету, — дейді жоба мүшесі Әлихан Нұржанұлы.
Save жобасы ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған. Бұл жоба екі негізгі бөліктен тұрады. Біріншісі — тігін өнеріне оқыту, екіншісі — қалыптасқан қабілеттерді табыс көзіне айналдыру.
Бастапқы этапта Save жобасы жайында естіген адамдар онша көп емес еді. Сол себепті ерекше жандарды өзіміз іздеп, жобаны ұсындық. «Тігінді үйренемін, бұл қолымнан келеді» деген жастарымыз болса, оларды өзімізге тартуға тырысамыз, — дейді Save командасы.
Әуелде команда мүшелері «Ерекше жандарға қандай көмек бере аламыз?» деген сұраққа жауап іздеген. Бастапқы этапта түрлі идея болған.
Біреудің ойы екіншіге ұнамай жатты. Тігін саласы туралы талқылағанымызда келіспеушік жойылып, ойымыз бір арнаға тоғысты. Бұл идея топ ретінде дамуымызға түрткі болды. Дегенмен бұл саланың қаншалықты табысты екеніне көзіміз әлі толық жетпеді. Тігін өнері адамға тек материалдық емес, рухани қолдау да береді. Себебі адам қолымен дүние жасап, оны басқалардың игілігіне жаратады, — дейді жоба мүшесі.
Курс аясында қатысушылар киім, эко-сөмкелер, маска тігіп үйренеді. Ұйымдастырушылар бұл заттардың қазіргі таңда жоғары сұранысқа ие екенін айтады.
Тігін тігуді қазіргі уақытта тек үш мүгедектігі бар азаматқа үйреттік. Оларға «Аякен Атырау» орталығының шеберлері курс жүргізді. Әріптестерімізге алғысымыз шексіз. Жобаға қатысушылар қазір әртүрлі дизайнда шоппер-сөмке, бірнеше реттік маска және жейде тігіп үйренді. Олар курсқа дейін тігін машинасын қалай сабақтауды білмейтінін ескерер болсақ, қазіргі таңдағы нәтижелері көз қуантады. Тігінді үйренген үш азамат та үйренгенін іспен дәлелдеп, өте үлкен нәтиже көрсете білді. Біз олармен мақтанамыз. Егер жейде, маска немесе шоппер-сөмке қажет болса, бізге сенім артып, тапсырыс берсеңіздер болады, — дейді команда.
Save қолдан тігілген өнімді сатуға да көмектеседі. Олар бұны үйренушілердің де, команданың да жетістігінің басы деп есептейді.
Бұл бір жағынан жағынан тігіншіге де, тұтынушыларға да қолайлы деп ойлаймыз. Себебі әр адам ұнатқан өнімін үйінен шықпай-ақ қарап таңдап ала алады. Біз өнімдерді Instagram желісіне шығарып, сол арқылы сатумен айналысамыз, — дейді Әлихан Нұржанұлы.
Save жобасы қазіргі уақытта екі ерекше жанды қосымша табыспен қамтамасыз етіп отыр.
Олардың өмірге құлшынысы күннен күнге артып келе жатқаны бізге анық байқалады. Бұл — Атырау қоғамына ерекше жандардың еңбек белсенділігінің артқанының көрсеткіші. Екіншіден, ерекше жандардың өзіне және болашаққа сенімінің нығайғанының дәлелі. Жобамызды әртүрлі топтың мүмкіншілігі тең болатын қоғамды қалыптастыруға қарай жасалған үлкен қадам деп білеміз. Алдағы уақытта ұйым болып, шағын цех ашуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, бұл кәсіпті ерекше жандардың негізгі тұрақты табысына айналдыруды мақсат етеміз, — дейді Save командасы.
Alga Qadam — білім саласындағы мүмкіндіктер
Azamat 3.0 бағдарламасы шеңберінде Атырауда әлеуметтік маңызы бар жобаны қолға алған топтың бірі — «Зона роста». Бұл топтың да көздегені — биік мақсат. Олар жастарға барынша пайдалы, игілікті, білім саласындағы мүмкіндіктер туралы ақпарат беретін алаң құрып жүр.
Командадағы әр мүше түрлі жобаға, байқауға қатысып, әжептәуір тәжірибе жинаған. Дәл осы бағдарлама туралы біз түрлі ақпарат көзінен білдік. Оны достарымызға, таныстарымызға айтып бөліскенімізде, олар бағдарлама туралы естімегенін, білсе, өздері де оған қатысатынын айтты. Содан біз мүмкіндіктер туралы ақпарат тарататын @alga_qadam атты алаң құруды шештік. Біз мұнда Атырау жастарына пайдалы ақпарат беріп отырамыз, — дейді команда мүшесі Баян Байсалбай.
Alga Qadam — әртүрлі білім алу және кәсіби мүмкіндіктері, сондай-ақ Атыраудың мәдени іс-шаралар туралы ақпараттандыру арқылы жастарды дамытуға бағытталған жоба. Оны қолға алған команданы ортақ құндылықтар тоғыстырған. Олардың әрқайсысы өзін-өзі дамытуды, білім алуды, өзгелерге пайдалы болуды, жастарға маман ретінде қалыптасуына көмек беруді мақсат етеді. Атырау жастарының көшбасшы қасиетін, командамен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі.
Дәл қазір Azamat 3.0 бағдарламасына қабылдау жүріп жатыр. Қазіргі тез өзгеретін әлемде «таратуға тұрарлық дағдыларға» ие болу маңызды. Осы бағдарлама аясында жастардың бойында маңызды дағдылар дамиды, әлеуметтік жауапкершілікті сезінуіне көмектеседі. Әлеуметтік жобаларды құруды және іске асыруды үйреніп, балалар жобалық басқару дағдыларын игеріп қана қоймай, проблемаларды жүйелі түрде шешуді үйренеді. Біздің команда болып, игі іске атсалысуымызға осы бағдарлама түрткі болды. Енді оны басқалар да меңгерсе екен дейміз, — дейді Баян Байсалбай.
Өтініш берген жастар аз емес. Команда мүшелері түрлі салада жұмыс істейді. Барлығы үздіксіз дамуды қалайды, сол себепті жаңа мүмкіндіктер, дамуға бағытталған түрлі жобаны назарда ұстауға тырысады.
Көрген-білгенімізді көпшілікпен бөлісіп, Атырау жастарының білім саласындағы мүмкіндіктерінен қалыс қалмауына қолымыздан келгенін жасаймыз. Естіген, білген ақпаратымызды тексеріп, барлығын @alga_qadam парақшасында жариялап отырамыз, — дейді Баян Байсалбай.
Командада төрт адам бар — Баян Байсалбай, Айнұр Мұратова, Жеткіншек Жасталапов және Айнель Хайруллаева. Жобаның әр жұмысы команда мүшелерінің келісімімен жүзеге асады. Осы уақытқа дейін жобаның техникалық бөлігін Жеткіншек жүргізіп келеді. Посттарды команданың барлық мүшесі жариялап отырады.
Жоба жүзеге асқалы жастар маңызды ақпараттарды бір алаңнан алып отырды. Ойын-сауық контентін ғана жүргізбей-ақ, аудитория тартуға болатынын тағы бір мәрте дәлелдедік. Alga Qadam жобасынан кейін осы бағытта жұмыс істейтін басқа да аккаунттар пайда болды. Соның бірі ретінде @joboss басын айтуға болады. Біз Alga Qadam жобасының басқаларға шынымен пайдалы екеніне көз жеткізгіміз келеді. Біздің парақшамыз арқылы Атырау жастары жаңа істі байқап көріп, құнды тәжірибе алса екен деп армандаймыз. Екіншіден, өзгелерге шабыт беретін сұхбаттар алып, жергілікті білім компанияларымен және тағы басқа ұйымдармен серіктес болғымыз келеді, — дейді «Зона роста» командасы.
Материал Chevron, British Council, AYDI, Impact Hub Almaty қолдауымен жасалған