Атырауда “Өз ағашыңды отырғыз” акциясы жалғасын тапты

Тал егу акциясы Атырау қаласы Қайыршақты ауылдық округінің аумағындағы Талғайраң елді мекені мен Жұлдыз шағынауданында жалғасты.

Осынау игілікті іске ұйытқы болғандардың қатарында “Консолидейтед Контрактинг Инжиниринг&Прокьюрмент С.А.Л. ­– Офшор” (ССЕР) компаниясы бар.

Компанияның еріктілер тобы жергілікті тұрғындармен бірлесіп, осындағы негізгі және орта мектептердің ауласына 140 талшыбық отырғызды. Олардың арасында пирамидальді терек, шағанды үйеңкі, жасыл шаған және қарағаш секілді ағаштардың көшеттері бар. Сол сәтте талдардың түбіне су құйылып, органикалық тыңайтқыштар салынды. Келешекте жас өскіндерді бағып-күту міндетін де компания өз міндетіне алып отыр. Ал, бұған дейін аталған құрылымның  бастамасымен “Атырау­-Қарабатан” жолына дейінгі аумаққа 500 түп ағаш отырғызылған болатын.

Кәсіпорын елді мекендерді көгалдандырумен қатар, қайырымдылық шараларына да белсенді атсалысып, лайықты үлесін қосып келеді. Мәселен, “Алғыс айту» күніне орай Жылыой ауданындағы 100 мүмкіндігі шектеулі жан мен аз қамтылған отбасына 10 мың теңгенің азық-түлік сертификатын тапсырды. Оған қоса, “Жүректен ­– жүрекке” қоғамдық қорымен бірлесіп, күнкөріс деңгейі төмен отбасы мүшелері мен көпбалалы аналардың бір тобын 5 түрлі мамандыққа тегін оқытып, тренингтен өткізуді жоспарлаған. Тек өткен жылдың өзінде әлеуметтік салаға 1,4 млрд. теңге қаржы бағытталған.