Президент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жаңа төрағасын қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановқа кәсіпкерлердің құқығын қорғауға, бизнестің жұмысына заңсыз араласатындарға қатысты жазаны күшейтуді тапсырды.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Марат Ахметжанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы 16 сәуірде өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте берілген тапсырмалардың жүзеге асырылу барысын баяндады. Марат Ахметжанов Агенттік қызметін қылмыстық процестің үш буынды моделіне бейімдеу жұмыстарына дайындау туралы айтты.

Президент сыбайлас жемқорлықпен күрес әдістерін жаңғырту, жұмыс барысында жіберілетін қателіктерді қасақана жасалған қылмыстардан ажырата білу қажеттігіне, сонымен бірге кінәлі адамды қылмыстың барлық құрамы болған кезде ғана жауапқа тарту керектігіне тоқталды.

Бұдан бөлек кәсіпкерлердің құқығын қорғауға, бизнестің жұмысына заңсыз араласатын және көлеңкелі айналымға қамқорлық көрсетуді жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін қатаң қарауға қатысты міндеттер жүктеді.

Мемлекет басшысы Агенттікке сыбайлас жемқорлыққа қарсы озық тәжірибені зерделеу және мемлекеттік органдардың қызметін тиісінше үйлестіру бөлігінде халықаралық ұйымдармен тығыз жұмыс істеуге қатысты бірқатар тапсырма берді.

Еске салайық, Марат Ахметжанов 16 сәуірде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болып тағайындалды.