«Бала кезімнен басшы болуды армандадым»
-Мамандығым – бағдарламалаушы. Маған да өзге «болашақтықтар» сияқты ұлттық компанияларда немесе жеке коммерциялық ұйымдарда жұмыс істеуге болатын еді. Ол кезде ақпараттық технологиялар нарығы енді дамып келе жатқан, біздің мамандыққа сұраныс жоғары болды. Алайда, мен бала кезімнен бері бастық болуды, мемлекеттік басқару саласында жұмыс істеуді армандайтынмын.
Менің ойымша, адам қай салада жұмыс істейтінін өзі шешуі керек. Сондықтан Қазақстандағы Академиялық Инновациялық университетті бітірген соң, шетелде оқу туралы ойлай бастадым. Алдыма мақсат қойдым. Тек британдық жоғарғы оқу орнына және тек қана мемлекеттік басқару саласында оқығым келіп, «Болашақ» бағдарламасы арқылы Лондон қаласындағы Queen Mary университетіне тапсырдым. Неге британдық? Себебі, менің ойымша, Ұлыбританияда мемлекеттік басқару жүйесі өте жақсы дамыған. Бұл жақта теория мен тәжірибе қатар жүреді. Олардан дамыған индустриалды-инновациялық мемлекет ретінде үйренеріміз көп.
Мысалы, ағылшындарда меритократия саясаты бар. Ол мемлекетті «лайықтылардың басқаруы». Біздің елімізде де осы саясат белсенді түрде қолданылып келеді, түрлі реформалар жүріп жатыр. Енді мемлекеттік қызметкердің мансабы тікелей өзіне ғана, оның елді дамытуға қосқан үлесі мен қызметінің сапасына байланысты. Бұл тәсіл Ұлыбританияның 1997-1998 жылдары қабылдағын басқару жүйесіне ұсқайды.
Сондай-ақ, шешім шығаруда орталықтандырылған тәсілден корпоративтік әдіске, қағазбастылықтан менеджерлік басқаруға өтіп жатқанымызды да айта кету керек. Бұл тәжірибе тек британдықтарда ғана емес, өзге де мемлекеттерде бар.
Британдық және қазақстандық мемлекеттік басқару
Айырмашылықтары көп емес. Ең басты ерекшелігі – халықтың мемлекеттік қызметкерге, яғни шенеуніктерге деген қарым-қатынасы. Лингвист мамандар осы сөздің ағылшын және орыс тілді қоғамда қандай мағынада қолданылатынын зерттеп көріпті. Нәтижесінде, ағылшындар «шенеунік» деп мемлекетке адал қызмет етіп жүрген, сыйлы адамдарды атаса, орыстар жағымсыз образды суреттегенде қолданатыны анықталған. Өкінішке орай, біздің қоғамда да шенеунік десе, адамдар жемқор адамды елестетеді. Осы жерде айта кету керек, мемлекеттік қызмектердің жағымды имиджін қалыптастыру мәселесі – биліктің халықпен байланысындағы ең маңызды шара. Егер мемлекеттік қызметкерге халқы сенбесе, ел дамымайды. Қалай дегенде де, әр басшы мен қызметкердің ең бірінші, әрі маңызды міндеті – халықтың сеніміне лайықты болу. Біз күнделікті осыны естен шығармауымыз керек. Себебі, мемлекеттік қызметтің абыройы – мемлекет пен ұлт абыройының көрсеткіші.
«Жастар ұйымдары мемлекет имиджін насихаттайды»
Шетелдегі қазақстандық студенттердің «ҚазАльянс» деген қауымдастығын құрдым. Жастар ұйымдарының мемлекет имиджін насихаттауда ерекше рөл атқаратыны түрлі елдердің тәжірибесінде бар. «ҚазАльянстың» да негізгі мақсаты – осы. «Шетелдегі қазақстандықтардың тату, мәдени және рухани бай ұйымын» құру арқылы еліміздің позитивті имиджін шетелдік азаматтарға көрсету, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін, жастардың әлеуетін насихаттаймыз.
Егер тәжірибелік тұрғыдан алсақ, мен «ҚазАльянстың» болашағын Франциядағы «Альянс Франсез», ұлыбританиялық «British Council», Германиядағы Гете институты, Испаниядағы Сервантес институты, Қытайдағы Конфуций институты сияқты білім мен мәдениетті насихаттау арқылы сыртқы саясат пен экономикалық, геосаяси мәселелерді нығайтады деп сенемін. Бұлар өз қызметтері арқылы диполматияда елеулі рөл атқарып келе жатқан ұйымдар. Оларды диполматиядағы «Жұмсақ күш» деп те атайды. Біздің «ҚазАльянсқа» қазір әлемнің 27 елінен 30 мың жас мүше болып отыр.
«Жастар қай жерде жүрсе де еліміздің дамуына үлес қосуы керек»
«ҚазАльянс» шетелдегі барлық қазақстандық студенттердің өмірі, оқуы, әлеуметтік және экономикалық жағдайына қолдау көрсетіп, олардың құқықтары мен қызығушылықтарын қорғайды. Қазір жаһандық экономикалық дағдарыс жаулап, геосаяси келіспеушіліктер мен діни экстремизмнің өршіп тұрған уақыты. Сондықтан бізге қателесуге болмайды.
Дегенмен, Елбасының бастамасы мен еліміздің саясатының арқасында, қазақ жастарында әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алуға, өзін-өз дамытуға мүмкіндік бар. Сондықтан, менің ойымша, екі жақтың бір-бірінің пайдасына қызмет ететін кезі келді және біз, «қазальянстықтар» қазақстандық студенттердің бүгіннен бастап, шекара мен қашықтыққа қарамастан, еліміздің дамуына үлес қосқандарын қалаймыз.
Мемлекеттік қызметтегі іс-тәжірибелер
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттік орталығында жұмыс істедім. Бұл жерде жүріп кадрлық саясат саласында одан да жоғары қызметке орналасудың сәті түсті. Премьер-министрінің кеңсесінде сектор меңгерушісі болдым. Онда Басшылық тағайындаған мансапқа үміткер қызметкерлерге сараптама жасадым. Біздің бөлім мемлекеттік қызметті дамыту, жетілдіруге жауапты болды. Ол жерде 3 жыл қызмет еттім. Сол жылдары бірқатар мемлекеттік қызмет пен ХҚКО қызметтерінің сапасын арттыруға ат салыстық. Кейін Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің «Ақпарат және тестілеу орталығының» директоры, премьер-министр кеңсесінің мемлекеттік қызмет және кадрларды басқару бөлімін басқардым. Бұл жерлерде жұмыс істей жүріп, мемлекеттік қызметкерлерді таңдау, бағалау және оларды үйрету үдерістерін үйрендім.
«Шымкентке қандай жаңашылдық алып келдім?»
Шымкент қаласы әкімі аппаратының аппарат басшысы ретінде, сенімді түрде айта аламын, біз жұмыс өнімділігін арттыру үшін жаңа технологияларды мемлекеттік басқаруға енгіздік. Нәтижесі бар. Осының арқасында басқарудағы шектен тыс қағазбастылық азайды. Сәйкесінше, қағаз шығыны азайды.
Әкімшілік қызметтің өнімділігін арттыратын ең құнды құрал – халықпен жұмыс істеу және кері байланыс. Осы мақсатта біз WhatsApp, әкімшіліктегі ресепшн, фронт-офистер қызметін қостық. Әр түрлі ақпараттарды сақтау үшін сандық форматқа көше бастадық. Алдағы уақытта жер мәселесін тиімді басқару үшін «Спутникті мониторинг» жобасы қосылады. Ол арқылы жер учаскелерін заңсыз түрде игерудің алдын алып, бақылап отырамыз.
Білім саласында мектептердің жаңа функционалдық деңгейге өтуін қамтамасыз ететін жоба қарастырылып жатыр. Онда онлайн-трансляция жасайтын бейнебақылау қосып, электронды журналға ауысу қарастырылып жатыр. Бұл журнал ата-анаға да қолжетімді болады, ол осы арқылы баласының үлгерімін бақылап отырады. Сондай-ақ, оқушының дәл қазір қай жерде екенін көрсететін спутниктің навигация жүйесі енгізіліп, оқушының мектепке кіріп-шыққаны туралы автоматты ескертпелер қосылады, т.б.
Қазіргі уақытта негізгі күшімізді Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі даму концепциясына жұмсап жатырмыз. Инвестор іздеудеміз.
Шымкенттегі ең өзекті мәселелер
Қаладағы ең өзекті мәселе – шағын және орта бизнесті дамытуға кедергілердің көптігі. Соларды азайтып, жұмысты оңтайландыру керек. Қанша дегенмен, Шымкент – еліміздегі үшінші мегополис.
Сондай-ақ, қауіпсіздік пен күнкөріс үшін қолайлы жағдай жасау – әлі де күн тәртібінде тұрған мәселе. Оны шешу үшін тұрғындар мен жергілікті полиция қызметкерлерінің арасындағы байланысты күшейту керек. Ол үшін жол жүру ережелерін, қоғамдық тәртіпті бұзу профилактикасы, полициялардың абыройын көтеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол үшін учаскелік полиция қызметкерлерінің қала тұрғындарымен екіжақты байланыстын арттыру керек.
Үшінші мәселе ретінде жастармен жұмыстың әлсіреп кеткенін айтар едім. Қазіргі экстремистік идеологияның ушығып тұрған уақытында ұлттық құндылықтарымызды сақтап, оны жастарға үйрету өте маңызды. Бұл жерде жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне, жалпыадамзаттық құндылықтарға деген көзқарасына, адамның өмірі мен денсаулығына, тұлғаның дамуына, патриотизмге, еңбекқорлыққа, адамның құқықтары мен еркіндігіне қатты мән беру керек.
Неге бұл мәселелер дәл бүгін маңызды болып отыр? Себебі, қазіргі жаһандану дәуірінде жастарда материалдық, технократтық дүниетаным мен қоршаған ортаға деген көзқарас өзгерген.
«Қызметкерлерді қалай таңдаймын?»
Адами ресрус – әрбір басшының «мәңгілік» мәселесі. Мен кадр таңдағанда ғажайып ештеңе қолданбаймын. Алайда, оның тек қана квалификациясына емес, мотивациясына да назар аударған жөн. Ең басты фактор – үміткердің қаланың өмірін өзгерту, жақсартуға деген құлшынысы болуы керек. Кейде, бұндай құлшынысы бар, жанарында от ойнаған адамды тану да қиынға соғады.
Бұрынғы және бүгінгі мемлекеттік қызмет
Бұрынғы және бүгінгі мемлекеттік қызметкерлерді салыстырғанда адами потенциал мен кәсібиліктің өскенін көруге болады. Қазір меритократия бар. Мемлекеттік қызмектердің мансабы мен еңбекақысы оның жеке қасиеттеріне тәуелді. Себебі, ел дамыған сайын азаматтардың мемлкеттік аппарат жұмысына деген талаптары өзгереді.
Мемлекеттік қызметкер болу үшін…
Мемлекеттік қызметкер болу үшін ең басты мақсатыңды ұмытау керек. Ол – халыққа қызмет ету. Мемлекеттік қызметкер тура мағынада мемлекеттің қызметкері, жұмысшысы. Мысалы, бұл сөз ағылшын тілінде «Civil Service», немесе жай ғана “Сервис” деп аталады. Яғни, адам қарапайым халықтың мемлекет басшылығымен дұрыс қарым-қатынас орнатуына көмектесіп, қызмет етуші. Сондықтан, мемлекеттік қызметкердің бойында өз міндеттеріне деген жауапкершілігі мен ар алдындағы адалдығы болуы керек. Сонда ғана ол халықтың сеніміне кіре алады. Ал, сенімге кіру – мемлекеттік органдардың халықпен ара-қатынасының дұрысталуына, саяси-әлеуметтік жағдайлардың тұрақтануына, күнкөріс жағдайының жақсаруына, мемлекеттік аппарат жұмысының сапасын арттыруға әкеледі.
Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер байланыс пен қарым-қатынастың елеулі бөлігін жаулап алды. Осыны мемлекеттік қызметтің пайдасына қолдану керек. Ол қалай? Мысалы, әлеуметтік желілер арқылы халықпен кері байланыс орнатып қандай да бір жобаның оларға қажет немесе қажетсіз екеніне сараптама жүргізуге болады; халықтың арасына үгіт-насихат жүргізудің де таптырмас құралы; мемлекеттік органдардың ашық қызмет етуіне, істелген жұмыстарына есеп беріп отыруына да мүмкіндік берді.
Алайда, әлеуметтік желілерді өз орнымен, өз уақытында қолданбаса, оның зияны бар екенін де ұмытпау керек. Соған байланысты билік мемлекеттік органдардың жұмыс уақытында смартфон ұстауына, әлеуметтік желілер мен блог-платформаларды қолдануына байланысты ережелер шығарған еді. Әкімшілікте біз осы ережелерге бағынамыз. Алайда, смартфондарға тыйым салу – мемлекеттік қызмектерлер мүлдем байланыссыз қалады деген сөз емес. Біз қарапайым мобильді телефон ұстауға тыйым салмаймыз.
«Мен үлгі тұтамын»
Мен бірнеше саясаткерді сыйлаймын. Олардың көзқарастары мен пікірлеріне, олар таратқан ақпараттарына сенемін. Алайда, «үлгі тұтамын» деп нақты бір адамды атау жаңсақтық болар еді. Мені қызықтыратын тұлғалардан Майкл Блумбергті атасам болатын шығар.
Ол Нью-Йорк қаласының мэрі ретінде қаланың бюджетін өсіріп, қылмыс деңгейін түсірді, жемқорлықты айтарлықтай азайтты,. Осы арқылы шағын және орта бизнестерді дамытып, жұмыссыздық деңгейін түсірді. Қала мэрлігіндегі мемлекеттік аппаратты қысқартып, 23 мың мемлекеттік қызметкерден тек 40 адамды ғана қалдырды. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет сапасы артты.
«Мемлекеттік қызмет маған не берді?»
Мемлекетке қызмет ету – абырой. Мен осы салада жүргенімді, қоғамға шынайы көмегімді тигізе алатынымды және бұл менің бала кездегі арманым екенін ойласам, ерекше ләззат аламын. Қазіргі мансабым менен жауапкершілікті, ашықтықты, халықпен дұрыс байланыс орнатуды, түрлі жағдайларда тез шешім қабылдауды талап етеді. Бұл өте құнды тәжірибе, оны күнделікті өмірде ешбір жерден ала алмайсыз.
«Мен қызметіме не бердім?»
Ганди айтқан екен: «Егер болашағыңды өзгерткің келсе – өзің осы уақыттағы өзгеріс бол». Өзімізге деген қарым-қатынасты өзгерту үшін, ең алдымен өзіміз де өзгеруіміз керек. Мен соны әкім аппараты қызметкерлеріне жеткізе алдым деп ойлаймын. Олар бәрі өзіміздің қолымызда екенін, қала тұрғындарының өмірін шынымен де жақсарта алатынымызды түсінді.
«Өзімді қалай дамытамын?»
Менің ойымша адамның жеке дамуы мен жетістігі жаңа нәрсе үйренуден жалықпауына байланысты. Кітап қашан да білімнің бұлағы болып келеді, бола береді де. Сондықтан, әрдайым оқуға уақыт табуға тырысамын. Ал, спортпен шұғылдану күні бойы позитивті көңіл-күй сыйлап, жұмысқа белсенді кірісуге көмектеседі.
Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт