Нұрсұлтан Назарбаев Гурбангулы Бердімұхамедовке көңіл айтты

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовке әкесінің қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

Қазақстанның тұңғыш президенті кеңсесі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің әкесі Мяликгулы Бердімұхамедовтің өмірден өткені туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдаған.

Жақын әрі сүйікті адамыңыздан айырылу – орны толмас қайғы. Сізге және жақындарыңызға сол ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Саналы ғұмырын Түрікменстан халқының игілігіне арнаған әкеңіздің жарқын бейнесі оны білетін адамдардың жүрегінде әрдайым сақталады деп сенемін, – делінген көңіл айту жеделхатында.

Айта кетейік, 18 сәуірде Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедовтың әкесі Мяликгулы Бердымұхамедов 89 жасында қайтыс болды.

Мұның алдында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстан президентіне көңіл айту жеделхатын жолдағаны хабарланды.