Елімізде Түркияға тур сату тоқтатылды

Бұл туралы Қазақстан туроператорлар қауымдастығының президенті Инна Рей әлеуметтік желіде тікелей эфирде мәлімдеді.

Қауымдастық президентінің айтуынша, турлар мамырдың ортасында немесе маусымға қарай қайта сатыла бастайды.

COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия Түркияға рейстер санын азайту туралы ұсыныс жасады. Қазір біз тұрақты рейстер бойынша түпкілікті шешім күтеміз. Күзгі және қысқы маусымды жақсы өткіздік. Бірақ пандемия әлі де тұрақсыз. Жақында Қазақстанға ұшып келгендердің арасында ПТР-тест нәтижесі оң болған жағдай көбейді. Соған байланысты ұшу бағдарламасын тоқтатуы мүмкін болғанда шошып кеттік, — деді Инна Рей.

Ол мұндай шешімнің мәнін түсіндіріп, туроператорларға бағдарлама бұзылмайтынына сенімділік қажет екенін айтты.

Осы маусымда туроператорлар қатты күтіп, оған сенді. Өйткені, былтыр сатылған көптеген тур пандемияға байланысты өтпеді және осы жылға ауыстырылды. Турларды қайта шегермеу үшін және рейстерге байланысты мәселе болмауы үшін осындай шешім шығарылды. Турлар кейінірек сатылады. Бәрі бұған түсіністікпен қарайды. Ал туристердің көпшілігі өз денсаулығына қауіп төндірмеу үшін эпидемиология жағдайына байланысты ұшуды кейінге қалдыруды ұсынып жатыр, — деді Қазақстан туроператорлар қауымдастығының президенті.

Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіндегілер әуе рейстері туралы шешім әлі шықпағанын хабарлады. Комитет қазір осы мәселе бойынша ведомствоаралық комиссияның шешімін күтіп отыр.

Еске салайық, бұған дейін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова Түркиядағы эпидемиология жағдайының нашарлауына байланысты әуе рейстерінің санын қысқарту жоспарланғанын айтқан еді. Оның айтуынша, Түркияда күн сайын 50 мыңнан астам жағдай тіркеледі, бұл біздікінен 5,5 есе көп.

ДереккөзKaz.tengritravel.kz