Астанадағы заңсыз такси жүргізушілерін қуып жіберу тапсырылды

Вокзал алдында күнделікті заңсыз жүрген такси жүргізушілері жолаушыларды Көкшетау, Қарағанды және Павлодар қалаларына жеткізетіндігі анықталды. Ондай такси жүргізушілерінің саны 581-ге жеткен.

«Вокзалда жүргендер — «Сапаржаймен» жұмыс істеуден бас тартқан заңсыз жүрген такси жүргізушілері. Біз оларды қуатын боламыз. Себебі бұл қаладағы жалғыз вокзал, адамдар көп. 10 желтоқсаннан кейін шектеулер қойып, қажетті жұмыстарды атқаратын боламыз», — деді вокзал өкілі.

Сондай-ақ мүгедектерге арналған орындарда күні-түні пәтерлерді жалға беретін жүргізушілердің тұратыны анықталды. Алайда вокзал қызметкерлері мен полицейлер оларды ол жерден қуып шыға алмай жүр екен. Себебі ол жүргізушілерде мүгедектер кітапшасы бар болып шықты.

«Оларды қуып шығу керек. Егер де мүгедек адамның өзі сол көлікпен келетін болса, онда ол мәселе шешілді. Ал ондағы көліктер пәтерлерді жалға беру үшін жарнамалаумен айналысатын болса, онда бұл жерде заң бұзушылықтар көп деген сөз», — деді Астана әкімі Әсет Исекешев.

Сонымен қатар, әкім жолаушылардың вагоннан шығатын кезде еш кедергісіз автотұраққа немесе автобус аялдамасына жетіп алуына мүмкіндік жасауды тапсырды. Әсет Исекешевтің айтуынша, жолаушылардың көбісі осы себеп бойынша шағым түсіреді.

Дереккөзtengrinews.kz