Ақмола облысында жүк көлігі жол жиегіндегі батпаққа батып кетті

Бұл туралы Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, қайғылы жағдай 16 сәуір күні Шортанды ауданы Бектау ауылы маңында болған.

Анықталғандай, қарғын су шайып кеткен автожолмен қиыршық тас зауытына бара жатқан Shaanxi-MAN жүк көлігі жолда батып қалады. Бульдозер тракторымен сүйреп шығару кезінде жүк көлігі аударылып, алдымен кабинасы кейін түгел суға батады. Осы кезде көлік ішінде болған жүргізуші сыртқа шыға алмай, оқиға орнында көз жұмды, — делінген полиция департаменті таратқан хабарламада.

Қазіргі кезде жүргізушінің денесі Нұр-Сұлтандағы мәйітханаға жіберілді. Сонымен бірге Қылмыстық кодекстің 156-бабының 3-бөлігі «Еңбекті қорғау ережесінің бұзылуы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде Шортанды ауданы аумағында жүк көлігінің сүйреу кезінде суға аударылғаны туралы бейнежазба тарап жатыр. Онда көлік ішіндегі жүргізушіні куәгерлер құтқармақшы болғанын көруге болады.

ДереккөзInform.kz