Астаналықтар «Хан Шатырда» вакцина салдыра алады

Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов Instagram-парақшасында жазды.

Нұр-Сұлтан әкімінің айтуынша, «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында қала тұрғындарын коронавирусқа қарсы егу пункті ашылды.

Осы демалыс күндері тестілік режимде сауда ойын-сауық орталығы ұжымы вакцина алады. Ал дүйсенбіден бастап (19 сәуір) азаматтар да екпе ала алады. Вакцинация пункті гипермаркеттің жанындағы бірінші қабатта орналасқан. СОО-да вакцинациялауға ниет білдірушілерді қабылдау кестесі сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін, — деді Алтай Көлгінов.

Алтай Көлгінов бұған дейін вакцинация пункті «Mega Silk Way» СОО-да іске қосылғанын, сонымен бірге «Keruen», «Абу-Даби Плаза» сауда ойын-сауық орталықтары дайын екенін айтты. Оның айтуынша, қажет болған жағдайда қаладағы қонақүйлер де іске қосылады.

Бүгін емханаларымызда болып, егу пункттерінің жұмысын сапалы ұйымдастыру жөнінде бірқатар тапсырма бердім. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында вакцинациялау пункттерінің саны 36-дан 100-ге дейін артты. Жұмыс уақыты сағат 8.00-ден 00.00-ге дейін ұзартылды, — деп жазды Алтай Көлгінов.

Астана әкімі Алтай Көлгінов сонымен бірге еңбек ұжымдарын вакцинациямен қамту үшін көшпелі медицина бригадалары құрылғанын, қалада барлығы 55 мыңнан астам адам вакцина алғанын айтты.

Жаппай вакцинациялау арқылы ғана ұжымдық иммунитетті қалыптастыра аламыз. Бұл өзіңізді және айналаңыздағы адамдарды қорғауға, қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік береді, — деді ол.