«Әуежай жабылады». Биыл туристер Алакөлге ұшақпен бара алмайды

Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өңір басшысы Даниал Ахметов Үржар ауданына жұмыс сапары аясында әуе айлағын жөндеу барысымен танысты. Қазір ұшу-қону жолағын қайта құрумен бұл бағытта жұмыс тәжірибесі бар компания айналысып жатыр. Өкінішке қарай, алдыңғы мердігер келісімшарттық міндеттемелерді орындағар жоқ, сондықтан нысанды уақытында тапсыру мүмкін болмады, — делінген хабарламада.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің хабарлауынша, әуе қатынасын үзбеу үшін уақытша ұшу-қону жолағын салу ұсынылған.

Оның құны 5,6 миллиард теңгеге бағаланды. Бұл — қолданыстағы жолақты жөндеуге жұмсалып отырған қаражаттан 1 миллиард теңгеге қымбат. Осыған байланысты облыс әкімі мемлекеттік бюджетті ысырап етпеу туралы шешім қабылдады, — делінген хабарламада.

Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов дүйсенбіден бастап әуежай жөндеу жұмыстарына жабылатынын айтты.

Дүйсенбіден бастап әуежай жабылады, құрылыс жұмыстары үш ауысымда, яғни терминалда, басқа да ғимараттарда және басты нысан — ұшу-қону жолағында жүргізіледі. Нысан жеке бақылауымда, екі аптадан кейін тағы келіп, құрылыстың қалай жүріп жатқанын көремін, — деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

ШҚО, Алакөл, Үржар әуежайы
Фото: ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Үржар әуежайына Даниал Ахметовпен бірге Азаматтық авиация комитетінің төрағасы да барған. Ол ведомство тарапынан терминалдар жолаушыларға қауіпсіз және ыңғайлы болуы үшін әуежай ғимаратын қайта жөндеуге көмек көрсетуге мамандарын жіберетінін айтқан.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі биыл Алакөл жағалауына келуді жоспарлап отырған туристер үшін қосымша теміржол және автобус рейстері ұйымдастырылатынын хабарлады.