Бір жыл бұрын Жанерке жапондардың амигуруми атты қолөнерін үйренеді. Амигуруми – тоқыма жіптен адам және жан-жануар бейнесіндегі жұмсақ ойыншықтар жасау.

Карантин кезінде Жанерке осы хоббиді кәсіпке айналдырыпты.

Алғаш тоқыма тоқуды, қолға біз ұстауды мектепте технология сабағынан дәріс беретін апай үйретті. Кейін бұл өнерге ерекше қызығып, Youtube желісінен видео көріп, күрделі түрлерін меңгере бастадым. Қазір интернеттен түрлі нәрсе үйреніп, курсқа қатысуға болады. Мен де көп іске қызықтым. Дегенмен әрқайсына ата-анамнан ақша сұрай беруге ұялдым. Содан өзім жасап жүрген қуыршақтарымды сатамын деп шештім. Міне, жарты жылдан бері осы іспен тұрақты айналысып жүрмін, – дейді қолөнерші қыз.

Алғашында Жанерке қоян бейнесіндегі ойыншықтарды ғана жасап, суретке түсіріп, жұмысын Instagram желісінде бөлісіп отырған. Сол уақытта оған түрлі адамдар хат жазып, тапсырыс бере бастаған.

“Қояннан басқа қуыршақ тоқисың ба?”, “Сатып алайын деп едім” деп жаза бастады. Сол кезде басқа ойыншықтарды да жасауды қолға алдым, – дейді ол.

Қазіргі кезде Жанерке 7 класта оқиды. Сабағына, түрлі факультативке барады. Сонымен бірге айына шамамен 8-10 қуыршық жасауға тапсырыс алады екен. Әрқайсын дайындауға бір-екі күн жұмсайды. Әр жұмысына 5000 теңге алады. Ойыншықтарды жасаған кезде тапсырыс берушінің талғамы мен қалауын толық ескеруге тырысатынын айтады.

Әдемі түстерді үйлестіріп тоқимын. Қажет десе, қуыршақтың көзіне кірпік жасап, тапсырыс берушінің есімін кестелеп жазып беремін. Тоқыма жібін де өзі таңдай алады. Негізі қажет заттарды көбіне Атыраудағы дүкендерден, болмаған жағдайда Алматыдан тапсырыс беріп аламын. Мен үшін ең бастысы – қолөнерімнің тапсырыс берушінің көңілінен шығуы әрі сапалы болуы, – дейді ол.

Бүгінде әлеуметтік желіде оның туындылары “Сәт” атауымен танылып жүр. Бұлай аталуының да бірнеше себебі бар екен.

Әкемнің есімі – Сәт. Сол кісінің құрметіне осылайша атадым. Сонымен бергі әр ісім сәтті болсын деген мақсатта қойылды.

балалар
Жанеркенің жұмысы. Фото жеке архивінен

Жанеркенің айтуынша, тоқыма тоқу өнеріне қызығатын адам көп. Тіпті үйірме, мастер-класс сұрайтындар да бар екен.

Қоян ойыншығын жасау әдісін видеоға түсіріп қойдым. Дегенмен шеберлік сағатын өтуді сұраған адамның көбі ауылда тұрады. Оларға қажет құрал-жабдықтарды алу қиын соғып жатыр, – дейді Жанерке.

Қазір кішкентай қолөнерші ойыншықтардан бөлек панама баскиімін, тәпішке, кілемшелер тоқиды. Ол өз біліктілігін одан әрі дамытып, болашақта тоқыма ісін дөңгелетіп отырғысы келеді екен.

Адамдар ойыншықпен қоса көбіне үйде сүйреп жүруге ыңғайлы әрі жылы тәпішке сұрайды. Осыған дейін 20 тәпішке тоқыдым. Қазір сөмке жасауды үйреніп жүрмін. Әрине, жасым небәрі 13-те болғандықтан, келешекте қандай мамандықты таңдарымды әлі білмеймін. Дегенмен тоқыма тоқу – өмірімнің бір бөлігіне, дағдысына айналады деп ойлаймын, – дейді Жанерке.

балалар
Фото жеке архивінен

* * *

Тағы оқыңыз: Дильназ Камалова – дәрі сақтауға арналған ақылды қобдиша авторы