Президент Қазақстанның АҚШ-тағы жаңа елшісіне бірқатар тапсырма берді

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонмен арадағы кең ауқымды стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытудың маңызды екеніне назар аударды.

Президент Америка Құрама Штаттары Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторы екенін, энергетика, ауыл шаруашылығы және жаңа технология салаларындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың белсенді дамып келе жатқанын айтты. Екі ел арасында айтарлықтай құқықтық-шарттық база қалыптасқан. Мәдени-гуманитарлық және білім салалары бойынша табысты ықпалдастық орнаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ержан Ашықбаевқа президент Джозеф Байден әкімшілігімен өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға  бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Еске салайық, Ержан Ашықбаев 5 сәуірде Қазақстанның АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды.