Көшеде жалғыз жүргенде…
Әуелі жазатайым оқиғадан сақтанған дұрыс. Қараңғыда жалғыз қалмауға тырысыңыз. Жаяу жүрмей, қоғамдық көлікке мініңіз немесе такси шақырыңыз. Жақындарыңызға таксиге отырғаныңызды, мүмкін болса көліктің нөмірін, қай көшеде келе жатқаныңызды айтып қойыңыз. Тіпті үйдегі адамнан сізді күтіп алуын сұрауға болады. Түнде жалғыз қайтуға қорықсаңыз, достарыңызға өтініш айтып, үйге дейін бірге баруын сұраңыз.
Келген таксист күдік тудыртса, тапсырыстан бас тартыңыз. Шақырылған таксиге отырмауға құқығыңыз бар.
Автобустан түскенде, метродан шыққанда көпке таныс, адам қарасы мол және жарық, ыңғайлы жолмен жүріңіз. Сонымен қатар кей маман өзіңізге таныс, жаттанды жолды да таңдау керек дейді. Адам жазатайым оқиғаға ұшыраса, қашу керек болса, үйреншікті орта сасқалақтап, қайда барарын білмей тұрып қалмауға көмектеседі.
Қараңғыда жиі жүретін болсаңыз, аяқ киімнің ыңғайлы болғаны жақсы. Үлкен сөмке мен пакет көтермей, жұмыстан жеңіл қайтыңыз. Қолтыққа қысуға болатын сөмке мен арқаға асынатын рюкзак ыңғайлы.
Лифтіде күдікті адаммен жалғыз қалғанда…
Лифтіге қосарлас кірген адам күдікті болса немесе қаскүнем сізді лифтіге күштеп алып кірсе, барлық қабаттың кнопкасын басуға талпыныңыз. Себебі лифт көрсетілген қабаттың бәріне тоқтайды. Бірінде болмаса, бірінде сізді адамдар көріп, естіп, құтқарып қалуы ғажап емес. Сонымен қатар лифт кнопкасы орналасқан қабырғаға арқаңызды беріп тұрып алған дұрыс. Сонда қастандық жасаушы лифтіні басқара алмайды.
Күдікті біреуді байқасаңыз…
Жалғыз келе жатқанда күдікті біреуді байқасаңыз, дереу жақындарыңыздың біріне хабарласыңыз. Оған үйге жетіп қалғаныңызды айтып, есік алдынан күтіп алуын сұраңыз. Хабарласатындай ешкім болмаса, біреуге қоңырау шалған сыңай танытып, өтірік сөйлеуіңізге болады. Ең бастысы соңыңызға түскен адамға қорыққаныңызды білдірмегеніңіз дұрыс. Елемеген сыңай танытыңыз. Сабырлы кейіппен үйге немесе жарық, ел бар жерге қарай беттеңіз.
Айтпақшы, қараңғыда жалғыз келе жатқанда құлаққап тақпаған дұрыс. Әсіресе ақ немесе түрлі түсті, сондай-ақ жанып тұратын гаджеттер алыстан бірден көрінеді. Сондай-ақ зиян келтіргісі келген адамның қасыңызға келіп қалғанын естімей қалуыңыз мүмкін.
Жалғыз жүргенде қолға кішігірім зат, мысалы, кілт немесе қаламсап ұстап алуға да болады. Сонымен қатар қорғануға қолшатыр, маникюр қайшы немесе тырнақ егегіш құралдар да көмектеседі.
Жарық көшеден бірден подъезге кіргенде бір көзіңізді жауып, қайта ашыңыз. Сонда көз қараңғыға бірден үйренеді.
Біреу бас салса…
Бірден қашыңыз. Барынша тез құтылуға тырысыңыз. Мұндайда аяқ киіміңіздің ыңғайлы болғаны жөн.
Жарық, басқа адамдар жүрген жаққа қарай жүгіріңіз. Подъезде болсаңыз, жоғары емес, төменге беттеңіз. Ал қаскүнем үйге басып кірсе, пәтерден кетіп, ел бар жерге, далаға қашыңыз. Ваннаға тығылып, есікті жауып алу көп жағдайда көмектеспейді.
Қашу мүмкін болмаса…
Қаскүнем бір қадам аттатпай бірден ұстап алуы мүмкін. Тонаушы болса, қолда бар дүниені (телефон, ақша, зергер бұйымдары, банк картасы) қарсыласпай, бірден беріңіз. Ақша немесе бағалы заттар қызықтырған қылмыскер керегіне қол жеткізген соң кетіп қалады.
Әрине, адам қымбат заттан айрылғысы келмейді. Бірақ қауіп төнгенде өмірді бірінші орынға қою керек.
Ал өміріңізге, денсаулығыңызға қауіп төнсе және құтылудың мүмкіндігі болмаса, қарсыласыңыз. Айқайлап, басқалардың назарын аудартуға, күтпеген іс-әрекетіңізбен састыруға тырысыңыз, берілмейтініңізді білдіріңіз. Ыңғайы келісімен қашып кетіңіз.
Қарсыласу жолдары
Қаскүнем сізге қарай ұмтылса, бар дауыспен шыңғырып, айқайлаңыз. Мұндайда не айтқаныңыз емес, даусыңыз маңызды. «Құтқарыңдар!», «Көмектесіңдер!», «Зорлап жатыр!» деуге әбден болады.
Итеріп жіберуге талпынып көріңіз. Қастандық жасаушы сізден мықты шығар. Бірақ күтпеген қарсылық өміріңізді, денсаулығыңызды сақтап қалатын әрекетке айналуы мүмкін.
Ереже, әдеп сақтап төбелесемін деп әуре болмаңыз. Адамның жанды жерлерін көздеуге тырысыңыз. Мәселен, саусақпен, тырнақпен немесе қолдағы затпен көзге шабуыл жасауға болады. Дәл тигізуіңіз екіталай, бірақ көз — адамның жанды жерінің бірі. Сондықтан қаскүнем қауіптен қашып, сізді босатып жіберуі мүмкін. Сонымен қатар қолын тістеуге де әрекет етіңіз. Ыңғайы келіп тұрған кез келген қорғану тәсілін қолданыңыз. Сондай-ақ оның да шабуыл жасай алатынын ұмытпаңыз.
Қаскүнемнің қолында қару болса…
Қалай да қашуға талпыныңыз. Себебі қару тұрғанда ұру, қарсылық таныту өте қауіпті.
Адамды жылататын немесе тиген жерін ашытып, тітіркендіретін зат құйылған газ баллонын алып жүрген дұрыс. Бірақ бұл қорғану құралы тек уақыт ұтуға, тез қашуға көмектесетінін ескеру керек. Сондай-ақ ол кез келген жағдайдан қорғай алмайды.
2019 жылы Қазақстанда жеке қорғанысқа арналған газ баллонын сатып алу тәртібі өзгерді. Бұл құралды аларда дүкен қызметкеріне немесе полицияға бірнеше анықтама көрсету керек. Мәселен, сотталмағанын, медицина тексерісінен өткенін растап, қорғаныс құралын пайдалану ережесін білетіні туралы анықтама беруге тиіс. Сонымен қатар газ баллонын кәмелет жасына толғандар ғана сатып алады.
Сақ жүріңіз және қандай жағдай болмасын, полицияға жүгініңіз. Сонымен қатар кез келген жағдайда зәбірленуші емес, зәбір көрсетуші кінәлі екенін ұмытпаңыз.
- Полиция: 102
- Төтенше жағдайлар департаменті: 112
- Жедел жәрдем: 103
- Өрт сөндіру қызметі: 101
- Балалар мен әйелдерге арналған сенім телефоны: 150
* * *
Тағы оқыңыз: «Сақтансаң, сақтаймын»: қыздарға көшеде қалай қорғану керек?