Басты бетҚоғамҚазақстанда тұрғын...

Қазақстанда тұрғын үй қашан арзандайды? Министрлік жауап берді

Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.

Апта сайын бағаларды түгел зерттеп отырамыз. Өздеріңіз білесіздер, жаңа тұрғын үй бағдарламалар іске қосылғаннан кейін үйдің де бағасы өсе бастады. Жаңа үйдің бағасы қаңтар айында 7,3% өссе, бұрын салынған үйлердің бағасы 17%-ке дейін өсіп кетті. Ақпан айында да баға өсті, ал наурызда бағаның көтерілуі кішкене тоқтады. Наурыз айында жаңа үйлер 0,5%-ке өсті, ескі үйлердің бағасы 2% қана көтерілді. Сол себептен сәуір-мамыр айларында баспана бағаларының өсуі тоқтап, маусым-шілде айларынан бастап баға орнына келеді деп ойлап отырмыз, — деді вице-министр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі тұрғын үй бағасы негізінен халықтың зейнетақы шотындағы қаражатын алуына байланысты көтерілгенін айтты.

Осы өткен екі айдың ішінде көп азамат зейнетақы қорынан 600 миллиард теңгені алуға ұсынысын берді. Келесі айларда шоттан ақша алу процесі аяқталады. Сол кезде баспана бағасының көтерілуі де тоқтауы мүмкін, — деді Қайырбек Өскенбаев.

Вице-министрдің айтуынша, елімізде баспананың қымбаттауына жол бермес үшін мемлекеттік бағдарлама бойынша салынатын тұрғын үйдің әр шаршы метріне шектеу қойылған.

Мысалы, Шымкентте 200 мың теңге, сол сияқты әрбір қаланы зерттеп, лайықты баға белгіленді. Өйткені бізге қарап жеке құрылыс компаниялары бағаны түзейді. Біз бағаны көтерсек, жеке компаниялар да бағаны өсіреді. Ал жеке компаниялар бағаны көтеріп жіберсе, халық Үкімет тарапынан салынатын үйлерді күтеді, — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев.

Сонымен бірге Қайырбек Өскенбаев баспана бағасына тұрақтандыру үшін құрылыс материалдарын шығаратын отандық зауыттар салу маңызды екенін айтты.

Екінші фактор ең маңыздысы өз өнімізді шығаруымыз керек. Өйткені бізден шығып жатқан өнім бағасы қатты қымбаттамады. Жалғыз қымбаттағаны — арматура. Былтыр құрылыс компаниялары арматура бағасы 33% көтеріліп кетті деп шырылдады. Өткен жылы жаңа зауыттар жұмысы толығымен қосылды, қазіргі жағдайда арматура 100 процент өзімізден шығатын жағдайға жеттік. Бірақ ол темірге, оған тапсырыс берушілерге байланысты. Көбі темірді шетелге сатқысы келеді. Себебі, Ресей зауыттары бізге қарағанда қымбаттау баға беріп отыр, — деді вице-министр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрінің айтуынша, бүгінде салынып жатқан құрылыс материалдарын шығаратын зауыттар іске қосылғанда тұрғын үй арзандайды.

Қазіргі күні шыныны да 100% шетелден әкелеміз. Қызылордадағы шыны зауыты бітсе, шыны түгел өзімізден шығатын болады. Түсқағаздар да 100% шетелден келеді. Биыл «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, түсқағаз зауыты құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Жылу материалдарының 38% ғана ішкі өнім, ал қалған 62%-ін шетелден әкелеміз. Оны да 100 процент өзімізден шығару үшін зауыт аштық. Сол уақытта ғана үйлердің бағалары көтерілуі тоқтап, арзандай ма деп сенеміз, — деді Қайырбек Өскенбаев.

Ал «Отбасы банк» акционерлік қоғамы басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, тұрғын үй бағасының өсуі әлі де сақталуы мүмкін. Себебі былтыр дүниежүзінде құрылыс материалдары қымбаттаған.

Тұрғын үй құнының өсуі сыртқы факторларға байланысты жоғары деңгейде сақталып қалуы да мүмкін. Мысалы 2020 жылы әлемде өңделген ағаш құны 2,2 процентке шарықтап кетті. Шайыр бағасы 45%, мыс 27%, болат 13% қымбаттады. Былтыр әлемнің көптеген елінде жылжымайтын мүлікті қоса алғанда активтер құнының қымбаттауы әлемдік экономикаға 10 триллион доллар қаражат құюға әкеп соқты. Қазір біз статистиканы қарап жүрміз, әлбетте нарық бұл жағдайды ескермей кете алмайды. Мысалы, 2020 жылы Түркияда жылжымайтын мүлік 27% қымбаттады, Германияда 12%, Ресейде 10%, Канада 7% қымбаттады, — деді Ләззат Ибрагимова.

«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова 2021 жылы көп мемлекет экономикасын ынталандыру мақсатында инфрақұрылымға жұмсалатын инвестиция көлемін көбейтетінін айтты. Бұл ізінше шикізат пен металдарға сұранысты арттырып, бағаның жоғарылауына әсер етеді.