Асқар Мамин мемлекет басшысына есеп берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Асқар Маминді қабылдады. Үкімет басшысы президентке биылғы қаңтар-наурыз айларындағы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары және санитария-эпидемиология ахуалы жөнінде есеп берді.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Премьер-министрдің мәліметіне сәйкес, аталған кезеңде экономиканың нақты секторында орнықты дамудың оң қарқыны байқалады.

Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі санитария-эпидемиология ахуалы жайында баяндады.

Ауруханалардағы жұқпалы дертке шалдыққандарға арналған бөлімдердің – 41%-де, жан сақтау бөлімдердің – 27%-де науқастар ем қабылдап жатыр. Сәуір айынан бастап өңірлерде ай сайын 2 миллион адамға вакцина салынады. Қыркүйек айында жалпы 10 миллион азаматқа екпе салынып, вакциналау жұмысы аяқталады.

Премьер-министрдің айтуынша, денсаулық сақтау жүйесі қажетті мөлшерде дәрі-дәрмектермен және медицина жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Медицина мекемелерде дәрі-дәрмектің бір айлық, ал “СҚ-Фармация” қоймалары мен дәріханаларда екі айлық қоры жинақталған. Еліміздің барлық өңірінде дәрі-дәрмектердің, қорғаныш құралдары мен шприцтердің үш айға жететін тұрақты қоры бар.

Сонымен бірге кездесу барысында мемлекеттік бағдарламаларды, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалығының басым бағыттарын жүзеге асыру және инвестиция тарту, экономика саласын одан әрі цифрландыру, Үкіметтің жұмысына озық цифрлық шешімдер енгізу, халықты жұмыспен қамтуды қолдау, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы мәселелер талқыланды.

Үкімет басшысы Асқар Мамин президентке 1 сәуірде өткен ОПЕК+ министрлер кездесуінің қорытындылары туралы мәлімет берілді. Онда Қазақстан үшін мұнай өндірудің тәуліктік көлемін қосымша 6 мың баррельге арттыруды көздейтін арнайы шарт келісілді. Тиісінше жыл қорытындысы бойынша мұнай өндірісінде едәуір серпін болуға тиіс.