Дәулет Кәрібек Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болды

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Президент әкімшілігінің келісімімен Жамбыл облысы әкімінің өкіміне сәйкес, Кәрібек Дәулет Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды, — делінген хабарламада.

Дәулет Кәрібек 1990 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданында туған, білімі жоғары.

Жамбыл облыстық дарынды балаларға арналған «Дарын» мектеп-интернатын, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «саясаттану» мамандығы бойынша 2012 жылы бакалавр, 2014 жылы магистр дәрежесін алған. 2018 жылы PhD докторантурасын бітірген.

Еңбек жолын Астананың Алматы ауданы «Jas Otan» жастар қанаты төрағасының бірінші орынбасары болып бастаған.

Әр жылдары Әділет министрлігі Сот сараптамасы орталығының инспекторы, «Jas Otan» жастар қанаты филиалының аппарат басшысы, «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының менеджері, «Jas Otan» жастар қанаты хатшылығының ұйымдастыру-аумақтық жұмысы бөлімінің сарапшысы, «Jas Otan» жастар қанатының хатшылық басшысы, атқарушы хатшысы, төрағасы болды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды штабының «Team Qazaqstan» жастар қанатын басқарды.

Нұр-Сұлтан әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы қызметін атқарған.

2021 жылдың қаңтарынан бастап бүгінге дейін «Nur Otan» партиясы Нұр-Сұлтан филиалы төрағасының бірінші орынбасары болды.

Президенттік жастар кадр резервінің құрамында, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі.