Дуальды оқыту — кәсіби білім беру кезінде теорияны өндіріспен ұштастырып оқыту әдісі. Оның мақсаты — техникалық-кәсіптік оқу орындарының жеке сектордағы өндіріс, шаруашылық мекемелерімен бірлесе отырып, нарық заманында бәсекеге төтеп бере алатын, жаңа инновациялық-технологиялық бағдарламаларды меңгеруге дайын мамандарды даярлауы.

Бұл технология алғаш Германияда пайда болған. Онда студенттің өзі кәсіпорынға барып келісімшарт бекітеді. Жұмыс беруші оны колледжде тіркеп, оқу ақысын төлейді. Мұндай студенттер фирмадан ең төмен жалақы көлеміндегі айлық, медициналық сақтандыру және қоғамдық көлікте жүруге жеңілдік алады. Оқудың негізгі шығындарын кәсіпорын мен мемлекет өтейді. Қазіргі кезде бұл жүйе бойынша Австрия, Швеция, Қазақстан, Қырғызстан және тағы басқа көптеген мемлекет білім беріп жатыр.

Гүлмира Сұлтанбаева
Гүлмира Сұлтанбаева. Фото жеке архивінен

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті Баспасөз және электрон БАҚ кафедрасының меңгерушісі, профессор Гүлмира Сұлтанбаеваның айтуынша, дуальді оқыту әдісі Қазақстан студенттеріне де көп мүмкіндік береді.

«Германияда білім алушы аптаның 1-2 күні теория оқыса, 3-4 күнін тәжірибеден өтуге жұмсайды. Бүгінде бұл мемлекет азаматтарының 54%-і дуальді оқыту жүйесінің есебінен жұмысқа орналасады екен. Осы нәтижеге қарап, сарапшылар Германияның тәжірибесіне сүйенген дұрыс деп санайды. Жалпы, дуальді оқыту — орташа, жоғары білім алудың кәсіптік, өндірістік тұрғыдан мамандарды даярлауы. Меніңше, бұл әдіс өндіріс, медицина, технология, қаржы, шаруашылық саласында өте тиімді. Себебі студент нарық ошағына, өзінің болашақ жұмыс орындағы белгілі бір құзіреттілік мен компетенцияға ие болуға икемделеді», — дейді педагог. 

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің білім туралы заңында дуальді оқыту қағидалары бекітілген. Оған сәйкес, жоғары оқу орындарымен бірлесіп жұмыс істейтін мекеме, ұйымдарда арнайы тәлімгерлер білім алушыларға практикалық бағыт-бағдар береді, сондай-ақ студенттер 15 апталық семестрде аудиториядағы лаборатория жұмысын өндіріс орнында өтеді.

Қазіргі кезде Қазақстанның көп университеті, оның ішінде ауыл шаруашылығы, өндіріс, кәсіптік білім беру саласы дуальді әдіспен оқытып жатыр. Мысалы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика кафедрасының студенттері «Егемен Қазақстан» мен «Қазақ» газеттерінің редакциясында дәріс алып жүр. Университет пен редакцияның ынтымақтастығының арқасында арнайы келісім рәсімделді. Сонымен бірге студенттерге «Ұлттық арна» мен «Алматы» арнасының бағдарламалары, жаңалықтар, эфир барысы қалай жасалатынын өз көзімен көріп, сол процеске араласуға мүмкіндік берілді. Бірақ өкінішке қарай, пандемияға байланысты қазір шектеу көп. Бұрын телевизияға екі топ студент жіберіп отырған болсақ, қазір өндіріске екі білім алушыдан артық жібере алмаймыз. Ал редакциялардың тапсырмаларын қашықтан орындап жатыр. Өндірісте екі филиалымыздың ашылуы — алғашқы қадам. Бұдан бөлек аграрлық, химия және мұнай секторы бойынша да студенттер Petroleum секілді  компанияда жұмыс істеп жатыр, — дейді Гүлмира Сұлтанбаева.

Дегенмен маман Қазақстандағы дуальді оқыту жүйесінде бірнеше мәселе бар екенін де айтады. Солардың бірі — ірі компаниялардың дуальді жүйе бойынша студенттерді қабылдауға асықпауы.

Қазір цифрлы заман болғандықтан шағын мекемелер SMM мамандарын көп іздейді, сұрайды. Бірақ ұлттық, ірі компаниялар студенттермен жұмыс істеуге құлықсыз болып отыр. Меніңше, олар болашақ мамандарға, керісінше, қолдау көрсеткені жөн. Студенттерді үлкен деректермен жұмыс істеуге, бизнес-коммуникация, қаржы саласына ертеден бейімдеуіміз қажет. Екінші мәселе — білім алушылардың ақысыз әрі демалыс күндері жұмыс істеуі. Кейде білім алушылар университет кестесі бойынша демалысқа шықса да, өндіріс орнында жұмысы қызу жүріп жатады. Осындай кезде студенттерге артық салмақ түседі. Үшінші мәселе — тәлімгермен қамту. Мекемеде, ұйымда білім алушыларға бағыт-бағдар беретін бір маманды университет өз штатына жұмысшы ретінде алып, рәсімдеу қажет. Бұл да біраз шаруа мен құжатты қажет етеді, — дейді профессор.

Студент, ғалым, робот, Robolab
Robolab студенттік оқу зертханасының мүшелері. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ал Тараздағы «Білім» кәсіби гуманитарлық техникалық колледжінің директорының оқу өндірістік жөніндегі орынбасары Айнаш Ибрашева дуальді оқыту жүйесі елдегі жұмыссыз жүрген, өзі тәмамдаған мамандықтан басқа салада жүрген жастардың санын азайтады деп есептейді.

Бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары болады, себебі оқу барысында өндіріспен тығыз байланыста болған оқушы жұмыс берушінің барлық талаптарын игерген, меңгерген жұмысшы маманға айналады. Сонымен бірге психологиялық жағынан жаңа ортаға бейімделген дайын қызметкер болып шығады. Өндірісте өздігінен шешім қабылдай алады. Теория мен тәжірибені меңгеріп, бекітілген жұмысқа деген жауапкершілік сезімі жоғарылайды. Ұжыммен коммуникация орнатып үйренеді, — дейді Айнаш Ибрашева.