Биыл пітір садақа мөлшері 420 теңге деп бекітілді. Былтыр 370 теңге болған. Баға не себепті өсіп отырады? Пәтуа мамандарының дәйегі бар ма?
Ханафи мәзһабында пітір садақа екі келі бидай (ұн, талқан, тағы басқа) не мейізбен немесе төрт келі құрма не арпамен есептеледі.
Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан сияқты оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаны ұнмен есептеуге пәтуа берген.
Сөйтіп 2021 жылы пітір садақа мөлшері 420 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері екі келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ұн бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Ауқатты адамдар пітір садақаны мейіз (3 580 теңге) немесе құрма (7 300 теңге) құнымен бергені абзал.
Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне — 85 грамм алтынға (1 160 000 теңге) немесе 595 грамм күміске (200 мың теңге) жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса, өз еркі. Алайда садақаны өзінен де жағдайы төмен адамға бергені дұрыс. Қайтыс болған адамдар мен ана құрсағындағы бала үшін пітір садақа берілмейді.
Підия деген не? Мұның мағынасы мен шарттары қандай?
Алла Тағала Құранда:
Парыз ораза санаулы әрі белгілі күндерде ғана өтеледі. Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге) підия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек, — деді («Бақара» сүресі, 184-аят).
Сауығуы неғайбыл ауруға шалдыққан науқастар және егде жастағы адамдар ауыз бекітуге шамасы келмесе, ораза ұстамайды. Мұндай адамдар Рамазан айында ұстамаған оразасы үшін підия (төлемақы) береді.
Підия – орта есеппен бір адамның күнделікті екі мезгіл (таңғы және кешкі) ішетін асы. Оның мөлшері биыл 2 500 теңге деп белгіленді. Підия кедейлерге, тұрмыстық жағдайы төмен адамдарға, халі нашар жандарға үлестіріледі.
Ораза тұтпай, қазасын да өтемей, орнына підия беруге бола ма?
Підияны созылмалы аурумен ауырып, түзелуі үміт етілмейтін науқастар пен ораза ұстауға шамасы келмейтін егде жастағы азаматтар бере алады. Ал ораза ұстаған адамның ауруы уақытша болса, ол підия беріп құтылмайды, ұстамаған күндерін Рамазан айынан кейін өтеп беруі шарт.
Оразада күш беретін дәрілерді қолдану қаншалықты дұрыс?
Шариғат бойынша ораза ұстаған адам дәрі ішсе, оразасы бұзылады. Сондықтан, күндіз дәріге аса қажеттілік туындамаса, оны күн батқаннан кейін немесе таң атқанға дейін ішкен дұрыс.
Былтыр коронавируспен ауырып шыққандар ораза ұстаса, әлсіреп қалмай ма?
Ауырып, ораза ұстауға шамасы жетпей жүрген адамдар ораза ұстауға міндетті емес. Бұрын ауырып, кейін түзелген және ораза ұстауға шамасы келетін мұсылмандар ораза ұстай береді.
Вакцинация оразаға қаншалықты әсер етеді?
Шариғат бойынша кез келген нәрсе табиғи жолдар (ауыз, мұрын, тік ішек) арқылы ішке кірсе, оразаны бұзады. Ал дене арқылы кірсе, оразаны бұзбайды. Демек, тері астына және бұлшық етке емделу үшін ине салса, ауыз ашылмайды.
Екпе (вакцина) – бактерия, вирус секілді микроорганизмдерден алынып, адам организміне жұқпалы аурулардан алдын-ала сақтану және ағзаның иммун қасиетін арттыру үшін егілетін препарат. Ол қажетті азық немесе организмге қуат беретін дәрумен емес. Сондықтан адам денесіне (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) инемен екпе егу оразаны бұзбайды.
Ораза кезінде ПТР сараптамасын жасатуға бола ма?
ПТР сараптасын жасату барысында адамның ішіне ешнәрсе кірмейді. Сондықтан оның оразасы бұзылмайды.
Биылғы тарауых намаздары қалай оқылады?
2021 жылы еліміздегі эпидемиология ахуалының күшеюіне байланысты ҚМДБ Рамазан айында өңірлердегі діни рәсімдерді өткізуді үш түрлі белгіледі.
Атап айтсақ, «жасыл» аймақтағы елдімекендерде тарауық намазының оқылуына қойылатын талаптар:
- санитария талаптарын сақтап, қысқа сүрелер оқу;
- ауа райы қолайлы аймақтарда мешіт ауласында өткізу.
- мешіт дəретханаларын қолданатын кезде ара қашықтықты жəне санитария талаптарын сақтап, тез дəрет алу.
«Сары» аймақтағы елдімекендерге тарауық намазын оқуға қойылатын талаптар:
- тарауық намазында санитария талаптарын сақтау, қысқа сүрелер оқу, ауа райы қолайлы аймақтарда мүмкіндігінше мешіт ауласында өткізу.
Ал «қызыл» аймақтарда орналасқан мешіттерде уақытша жамағатпен тарауық намазы оқылмайды.
Ауызашар өткізу жағы қалай болады?
«Жасыл» аймақтағы елдімекендерде толтырылуы 30%, бірақ 50 орыннан аспайтын жағдайлар сақталған кезде ауызашар өткізуге болады.
Бас мемлекеттік санитар дәрігердің №68 қаулысында қоғамдық тамақтану объектілерінде еске алу мен құдай тамақтарды өткізуге рұқсат берілгеніне қарамастан, ауызашарды мүмкіндігінше отбасы ортасында өткізуді ұсынамыз, — деді Алматының бас имамы.
«Сары» аймақтағы елдімекендерде ораза ұстаған адамдарға мүмкіндігінше ауызашар қоржынын жеткізіп беру арқылы ұйымдастыру. Қызыл аймақтағы елді-мекендерде де ораза ұстаған адамдарға мүмкіндігінше ауызашар қоржынын жеткізіп беру арқылы ұйымдастыру.
Тағы оқыңыз: 2021 жылғы ораза кестесі: ауыз бекіту және ауызашар уақыты