Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-парағында жазды.
Мемлекет басшысының құттықтау хатын Үкімет басшысы Асқар Мамин оқып берді.
Құрметті ғарыш саласы мамандары және ардагерлері! Сіздерді алда келе жатқан кәсіби мерекелеріңіз – Ғарышкерлер күнімен құттықтаймын! 60 жыл бұрын адамзат тарихында ерекше маңызы бар айтулы оқиға болды. Ғарыш кеңістігіне жанқиярлықпен түрен салынды. Кеңес ғарышкері Юрий Алексеевич Гагариннің көк жүзіне самғап, аспан әлеміне алғаш жол ашуы бүкіл әлемдік ғылымның айрықша серпінмен қарыштап дамуының жарқын көрсеткішіне айналды. Бұл теңдессіз тарихи қадам біздің елімізде, Қазақстанның қасиетті топырағында жасалды, — делінген құттықтау хатында.
Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатында 65 жылдан бері әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы болып саналатын «Байқоңырдан» осы уақытқа дейін 150 ғарышкер көкке көтеріліп, ғаламның шексіз кеңістігін бағындырып қайтқанын жазған.
Олардың қатарында қазақ ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов бар. Ғалымдар мен конструкторлардың, сынақшылар мен инженерлердің ерен еңбегісіз ғарышты игеру мүмкін емес. Осыған орай, ғарыш саласының мамандары мен ардагерлеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз бен адал еңбектеріңіздің арқасында заманауи ғарыш саласы бүгінгі таңда лайықты дамып келеді. Қазақстан мен Ресейдің белсенді әрі жемісті ынтымақтастығы ғарышты зерттеу және ғарышқа ұшу саласындағы бірлескен жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенімім мол, — делінген хатта.
Мемлекет басшысы салтанатты жиынға қатысушыларға зор денсаулық, бақ-береке және жаңа табыстар тіледі.
Айта кетейік, мұның алдында премьер-министр Асқар Мамин Байқоңырға жұмыс сапары барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуымен, сонымен бірге «Роскосмос» басшысы Дмитрий Рогозинмен келіссөз өткізгені хабарланды.