Бұл сұрақтарға Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов және Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы жауап берді.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісімен кімдер айналысып жатыр?

ХХ ғасырдың 20-50-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау ісімен айналысатын 49 адамнан тұратын арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Оның мүшелері — тарихшы ғалымдар, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары мен мемлекеттік орган өкілдері. Сонымен бірге осы мәселені бұрыннан зерттеп келе жатқан ғылыми институт пен жоғарғы оқу орындарының 57 ғылыми қызметкері 11 бағыт бойынша жұмысқа кіріскен. Жұмысты Білім және ғылым министрлігі қадағалайды.

Барлық өңірде әкімнің орынбасарлары басқарылатын арнайы өңірлік комиссиялар да құрылды. Міндетіміз — саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру, жазықсыз сотталған және саяси қуғынға ұшырағандарды ақтау процесін ғылыми зерделеу. Дәл қазір осы жұмыс аясында бағдарлама дайындалды, қаржы мәселесі шешілді. Бірақ бағдарламаны Жоғарғы ғылыми техникалық кеңесте қарастырамыз, — деді Ералы Тоғжанов.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесімен айналысатын зерттеушілер өзінің негізгі және басқа да қосымша қызметінен толық босатылған. Алайда жалақысы бұрынғыша жүріп отырады. Сонымен бірге зерттеушілер мен ғалымдарға жабық архивтердегі деректерді алуға, пайдалануға рұқсат берілді.

Өкінішке қарай, ғалымдар тиісті ведомстволардың архивінде жұмыс істеу кезінде көп кедергіге ұшырап жатыр. Оның бірден-бір себебі — деректердің құпия сақталауы. Ресей мен Украинадағы кей құжатты интернеттен табуға болады. Ал бізде әлі күнге дейін Кеңес өкіметіндегідей құпия сақтап отыр. Бұл мәселені шешу үшін бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер органы сол мекемелермен келіссөз жүргізіп, біртіндеп-біртіндеп құпиясыздандыруды қолға алмақшымыз. Себебі деректер тек ғалымдарға емес, ата-бабасымен танысқысы келетін кез келген азамат үшін қолжетімді болуы керек, — мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы.

 Ақталатын саяси қуғын-сүргін құрбандардың тізімі жасалды ма?

Бүгінде Ұлттық архивтен 20-дан астам сотталған азаматтың тізімі табылған. Дегенмен министрдің айтуына қарағанда, саяси қуғын-сүргін және 20-30-жылдардағы аштық құрбандарының толық тізімін жасау қиынға соғып жатыр. Оның негізгі екі себебі бар. Бірінші себебі — елдегі азаматтарды құжаттандыру 1935 жылы басталды. Екіншісі — ол кезеңде өмір сүрген куәгерлер жоқ.

Қазір басты мақсат — еліміздегі құжаттарды тексеру. Мысалы, тек Ішкі істер министрлігінде 172 мың қор бар. Мұның өзі бір жылдан астам уақыт кетеді. Әрине, зерттеушілер шетелдегі архивке ие болуы үшін бар жағдай жасалады. Дегенмен пандемияға байланысты бұл мәселеге кейінге қалып, оған бөлінген қаражат қысқарды, — деді Берік Әбдіғалиұлы.

Қарапайым халық қалай көмек бере алады?

Ата-бабасы саяи қуғын-сүргін құрбаны болған Қазақстан азаматтары да комиссия жұмысына көмектесе алады. Олар өз өңірінде құрылған топ мекенжайына, «Рухани жаңғырудың» жоба офисіне хабарласуына болады. Сонымен бірге алдағы уақытта деректерді ұсынуға, көруге болатын портал ашу жоспарланып отыр.

Әркімнің өз шежіресі бар. Бүкіл қазақ елі болып тізімді жасамасақ, мемлекеттік комиссия ғана шеше алмайды. Сол себепті азаматтар ұсыныс, естелік, деректерін қарап, түгендеп шыққаны дұрыс, — деді Берік Әбдіғалиұлы.