Үкімет пен One Web шалғай аудандарды интернетпен қамту мәселесін талқылады

Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Сунил Миттал өрістетіліп жатқан One Web жаһандық спутниктік желі шеңберінде қолға алынған Байқоңыр ғарыш айлағынан спутниктерді ұшыру жөніндегі жұмыстардың барысы туралы баяндады.

Қазіргі уақытта ғарышқа 110 спутник ұшырылды. 2021-2022 жылдары Байқоңыр ғарыш айлағынан 8-ден астам ұшыруды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

One Web жаһандық спутниктік желісі 1200 шақырым биіктікте 18 орбиталық жазықтықтағы 648 спутниктен тұрады. 2021 жылдың соңында спутниктік желіні толық пайдалануға беру және Қазақстан аумағында қызмет көрсету жоспарланып отыр.

Тараптар Қазақстан аумағын, оның ішінде шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарды байланыс спутниктері арқылы жоғары жылдамдықты кең жолақты Интернетпен жаппай қамту жөніндегі жобаны іске асыру перспективасын талқылады.

Нұр-Сұлтандағы Ұлттық ғарыш орталығы жанындағы ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені базасында One Web спутниктері үшін жиынтықтауыштарды құрастыру жөніндегі жобаны іске асыру барысы, сонымен бірге Орталық Азия елдеріне кейіннен One Web спутниктік интернетін эксклюзивті дистрибуциялау үшін Қазақстан аумағында шлюз станциясын орналастыру бойынша бірлескен кәсіпорын құру мәселесі қаралды.

Кездесуге Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы – «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қатысты.

One Web компаниясы Интернет желісіне қолжетімділік және деректерді жоғары жылдамдықпен беру (пайдаланушы терминалына 5-50 Мбит/с) бойынша қызметтерді ұсыну үшін жаһандық төмен орбиталық спутниктік желі.