Кейбір пән мұғалімдерін дайындауға мемлекеттік тапсырыс көбейді

Қазақстанда орыс тілі пәні мұғалімін, бастауыш класс мұғалімдерін, дефектологтар және басқа да мұғалімдерді дайындауға мемлекеттік тапсырыс көбейді. Оның себебі — осы мамандар қажеттігінің артуы.

Дәл қазір кей аймақта ағылшын, орыс тілі пәндерін оқытатын мұғалімдердің жетпей жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан орыс тілі пәні мұғалімдеріне арналған грант санын бірнеше рет көбейттік. Балалардың өз тілін құрметтей отырып, басқа тілдерді білуі өте маңызды. Сондықтан біз еңбек нарығы сұранысына қарай әрекет етеміз, — деді министр.

Бакалавриатқа, магистратураға, доктарантураға түсушілер тест пен емтиханды электрон форматта тапсырады

Биыл ҰБТ форматы бұрынғыша қалады, ал өткізу процедурасы өзгереді. Бұған дейін балалар тестіні қағаз жүзінде тапсыратын, яғни түлектерге кітапшалар таратылып, олар бланк бояйтын. Министр бұл процеске біраз уақыт кететінін, академиялық адалдыққа қатысты да біраз мәселе бар болғанын айтты.

Биылдан бастап электрон ҰБТ-ға көшеміз. Мұның артықшылығы көп. Бұған дейін жыл сайын 120 мыңға жуық мектеп түлегі 7 күн бойы тест тапсыратын. Бұл өте қарбаласқа толы процесс еді. Биыл ҰБТ 3 ай бойы тапсырылады, — деді министр.

Министрдің айтуынша, мұндай өзгерістің мынадай артықшылығы бар:

  • пандемия кезінде тест тапсырушылар көп жиналмайды;
  • тестіге қатысты үлкен эмоциялық күш азаяды;
  • академиялық адалдық мәселесі шешіледі;
  • уақытты үнемдеуге болады;
  • бұл формат балаларға ыңғайлы.

2019 жылдан бері елде 200 мыңнан аса педагог ұлттық біліктілік тестін осындай формат арқылы тапсырып келеді. Электрон формат сәтті жұмыс істеп тұр. Былтыр магистратураға түсуге ниет еткен 36 мың бакалавр түлегі де электрон форматта емтиханнан өтті. Алдағы жаздан бастап магистратураға емтихан тапсыру тұрақты түрде электрон форматта өтеді. Доктарантураға түсушілер де алғаш рет осы форматта емтихан тапсырады. Мұндай формат жемқорлықты азайту үшін де керек.

2021 жылы бакалавриат пен магистратураға қанша грант бөлінеді?

Биыл бакалавриатқа 51 500 грант, магистратураға 13 500 грант беріледі.

Магистратураға түсу форматын 2 жылдан бері ҰБТ сияқты тестілеу форматына ауыстырдық. Бұрын магистратураға түсушілер үшін әр университет өзінің билетін, тапсырмасын дайындап, өздері тексеріп, өздері шешім қабылдайтын. Қазір магистратураға түсушілер орталықтандырылған тест нәтижесінде алған ұпайына сай грант жеңіп ала алады, — деді министр.

Пандемия кезінде университет түлектері диплом, диссертацияны қалай қорғайды?

Қазір студенттердің көбі қашықтан оқып жатыр. Бакалаврді бітірушілер дипломды, магистратураны тәтәмдаушылар диссертацияны қорғау рәсімін электрон форматта өткізеді. Мұндай тәжірибе былтыр да болды, бірақ әлеуметтік желіде бұл форматқа қатысты мөр соғылуын талап ету, қол қоюын талап ету және тағы басқа проблемалар айтылды, — деді Асхат Аймағамбетов.

Биыл мұндай проблемалар болмас үшін түсіндіру жұмысы жүргізілді. Нормативтік құқықтық актілерге өзгеріс енді. Енді студент диплом жұмысын онлайн қорғаса, одан кейін де оқытушылардан қол жинап, мөр қойғызсын деген талап қойылмайды.

Министр жақында диссертация кеңесі жұмысына қатысты өзгеріс енгізілгенін айтты. Ол бойынша, Phd-студенттер жұмысын оффлайн форматымен қоса, онлайн форматта да қорғауға мүмкіндік берілді.

ЖОО оқытушылары айлығы бойынша минимал сома қойылды

Мұғалімдердің негізгі үш мәселесі бар. Ол туралы Асхат Аймағамбетов былай деді:

  • Құжаттарға байланысты жұмыстың көп болуы. Бұл мектеп мұғалімдеріне ғана емес, жоғары оқу орны оқытушыларына да қатысты.
  • Жүктеменің көп болуы. Өзім оқытушы болғандықтан, мұны жақсы білемін. Біздің кезде бір мөлшерлемеде 1000-1200 сағат берілетін. Сонда сабаққа қашан дайындалып үлгереді, ғылыммен қашан айналысады?! Мұндай күш түскенде, сабаққа сапалы дайындалып та, ғылымға көңіл бөліп те үлгермейді.
  • Айлық деңгейі мөлшері.

2019 жылы оқытушылар жалақысы орташа есеппен 20% көбейді. 2020 жылы тағы да 20% артты. Бірақ оқытушының негізгі айлығы аз болса, мысалы, 70 мың теңге алса, жалақыны 20% арттыру аса бір көзге көрінбейді.

Сол үшін біз айлықтың 15%, 20% өскенін айтпай, ЖОО оқытушылары айлығы бойынша минимал сома қоюды жөн көрдік. Бұл оқытушы үшін 200 мың теңге, профессорге 350 мың теңге. Университет ең аз дегенде бір мөлшерлеме үшін осындай сома төлеуі қажет, — деді білім және ғылым министрі.

Асхат Аймағамбетов жалақысы өсті екен деп, оқытушының жұмысын да көбейтуге болмайтынын айтты. Осы минимал айлық сомасына сай келетін ең көп жұмыс сағаты — 580 сағат. Министр мұның да аз емес екенін айтты, бірақ әзірше осыдан бастау керек.

Басқа министрліктер ведомствосына кіретін жоғарғы оқу орны басшыларынан, салалық мемлекеттік органдардан, жекеменшік ЖОО-лардан осы өзгеріске қатысты шаралар қабылдауды сұрадым. Бұл Білім және ғылым министрлігіне қарайтын оқу орындарына ғана қатысты деген сөз емес. Өйткені грант бағасын екі рет көтерген кезде біздің министрлікке қарайтын университеттерде ғана емес, басқаларда да мүмкіндік пайда болды. Сондықтан уәкілетті орган ретінде тиіс шешім қабылдауды талап етеміз, — деді министр.

Қазақстанда қанша педагог коронавируспен ауырды?

Министр 7 сәуірдегі дерекке сәйкес, вакцина салдырғандардың 17%-і педагогтар екенін айтты. Асхат Аймағамбетовтың пікірінше, бұл мұғалімдердің вакцинаны белсенді түрде алып жатқанын көрсетеді. Ал жалпы алғанда, елде 3 мыңға жуық мұғалім коронавируспен ауырған.

Бірақ олар инфекцияны жұмыс кезінде жұқтырмаған. Былтыр барлық дерлік бала қашықтан оқыған кезде айтарлықтай көп әріптесіміз (мұғалімдер — ред.), өкінішке қарай, коронавируспен ауырды. Вакцина салдыру әркімнің өз еркінде болса да, әріптестерімізге ғылымға сеніп, вакцина алуын, түрлі мифке сенбеуді сұраймыз, — деді Асхат Аймағамбетов.

Тағы оқыңыз:

Жабылған оқу орындары: студенттер мен оқытушылар не істейді?

Биылғы мектеп түлегі ҰБТ жөнінде не білуі керек?